Байырғы бiлiм ордасына -75 жыл!

Бүгінде оңтүстік өңіріндегі жоғары білім берудің қарашаңырағына айналған, еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ашылғанына да 75 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл, әрине, қас-қағым сәт, дегенмен саналы бір адамның тұтас ғұмырына татитын осынау уақыт бедерінде оқу орнымыз талай жемісті жетістіктер мен толайым табыстарға иек артып, жаңғыру мен жаңару жолына түсті.

«Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу–өрлеу де болмас еді»,- дейді Әлкей Марғұлан. Шындығында да білген адам білімді өмір бойы іздейді. Сондықтан да «Сәулең болса кеудеңде» деп Хакім Абай айтқандай, білім биігіне құлаш ұрған қаншама сәулелі жасқа шарапаты тиіп, сан шәкірттің саналы азамат болып қалыптасуына бұл оқу орнының да өлшеусіз үлес қосқаны даусыз.

Сонау сұрапыл соғыстың қызып тұрған шағында, нақтырақ айтқанда, 1943 жылы 29 маусымда Жоғарғы мектеп ісі жөніндегі комитет пен құрылыс материалдары өнеркәсібі Халық Комиссарлар Кеңесінің №133 бірлескен бұйрығы нәтижесінде ірге көтерген институтқа әдепкіде 150 адам қабылданған болатын.

Тарих парақтарына қайта бір үңіле қарап, іргелі оқу орнының кешегі тарихы мен бүгінгі белестеріне көз салсақ, Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институтының соғыстан соңғы жылдардағы сала мамандарының жетіспеушілігінің орнын толтыру, күйреген экономиканың еңсесін тіктетіп, қайта қалпына келтіру үшін құрылғанын бағам­дай­мыз. Институттың алғашқы директорлығына Киев индустриялдық техникумынан келген Деляур Константин Александрович тағайындалған тұста оқу орнында бар болғаны 18 оқытушы қызмет етіп (оның ішінде 2 профессор, 5 доцент), «Силикаттар технологиясы» мен «Тау-кен» факультеті ғана жұмыс істеді. Одан бөлек қоғамдық ғылымдар, математика, физика, химия, механика, графика, кристаллография мен минералогия кафедралары жабдықталғанымен, сол кезеңдегі оқытушылар құрамында жергілікті ұлт өкілдері мүлдем болмады десек те болады. Ұлты қазақ студенттер де некен-саяқ еді. Олай болатын себебі, ер азаматтың көбі қан майданда жасанған жауға қарсы күресті, оқытушылар мен студенттердің көбі Украинадан келгендер болатын. Дегенмен К.А.Деляур институттың аяғынан нық тұрып, өңір өнеркәсібін сапалы мамандармен қамтамасыз етуіне барын салып, қорғаныс қорына заттай және қаржылай көмек көрсетуге, қала берді колхоздардағы егін мен мақта теру секілді маусымдық жұмыстардың жандануына да сүбелі үлес қосып отырды.Алайда ол 1944 жылы Украинаның Харьков қаласына кезекті бір технологиялық институтты ұйымдастыруға жіберілісімен, оқу орнының басшылығына Сафа Үмбеталин келді. Ол оқу орнына 1944-1957 жылдары басшылық етті. Ал 1948 жылы институт алғашқы 22 түлегін ұшырып, олар «инженер-технолог» мамандығын алып шықты. Осы салтанатты сәттің куәгері болған оқу орнының алғашқы диплом иегері А.А.Балакирев өз естелігінде институтта өндірістік іс-тәжірибелерге баса көңіл бөлінетіндігін айта келе өзінің Ашхабад қаласында алғашқы технологиялық  іс-тәжірбиеден өткендігін зор мақтанышпен, ерекше сағынышпен еске алады. Десек те 1948 жылы оқуға қабылданған 25 талапкердің үшеуі ғана жергілікті ұлт өкілі болғанын ескерсек, ұлттық кадрлар даярлау үдерісінің сол тұста әлі де дұрыс жолға қойыла қоймағандығын  байқаймыз.

Ал институтты 1957-1958 жылдары Аркадий Владимирович Измайлов, 1958-1959 жылдары Қ.Б.Біләлов, 1959-1974 жылдар аралығында С.Т.Сүлейменов, 1975-1980 жылдарда З.М.Молдахметов, 1980-1988 жылдары Ш.М.Молдабеков, 1988-1991 жылдары М.Қ.Наурызбаев басқарды.

Тәуелсіздіктің елең алаңында, яғни 1992-1996 жылдары университетті Т.Ш.Кәлменов, 1997-1998 жылдары А.И.Айнабеков басқарса, 1996 жылы оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылғаннан кейін Е.Ө.Медеуов 2001 жылға дейін басшылық етті. Осы тұста оқу орнының 1957 жылы Қазақ технологиялық институты, 1964 жылы Қазақ химия-технологиялық институты аталып, 1998 жылдың 24 наурызында ҚР Үкіметінің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық универ­ситеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі нәтижесінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті болып қайта құрылғанын да атап өткен жөн. Ал Оңтүстік Қазақстан гумани­тарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институтын 1967-1977 жылдары Т.Темірбеков, 1977-1996 жылдары М.Ж.Жүнісбаев, ал Шымкент дене тәрбиесі институтын 1990-1996 жылдары М.С.Сапарбаев басқарды.

Сондай-ақ бұл оқу орнының өрістеп дамуына 10 жылдан астам уақытын арнап, елеулі табыстарға қол жеткізген У.Бишімбаев университетті 2001-2012 жылға дейін басқарса, Ж.Ү.Мырхалықов 2012-2018 жылдар аралығында ректорлық қызметті атқарды. Бұл ректорлардың қай–қайсысының болмасын тамыры тереңде жатқан Оңтүстік өңіріндегі жоғары білім берудің қарашаңырағының өркендеуіне, нығайып дамуына қосқан үлестері өлшеусіз. Алдағы сериялы мақалаларымызда бұл атпал азаматтардың өмірі мен қызметіне жеке-жеке, толығырақ тоқталатын боламыз.

Бүгінде 75 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған университетімізді академик, тарих ғылымдарының докторы Д.Қожамжарова басқарып отыр. Қазіргі таңда оқу орнында 3661 қызметкер бар болса, 1667 оқытушы-профессорлардың 116-сы ғылым докторлары, 75-і PhД докторы, бұдан бөлек 700-ден астам ғылым кандидаттары бар. Ал студенттер саны 16 мыңнан асып, университеттің Ақтау, Қарағанды, Ресей Федерациясының Мәскеу қалаларынан да өкілдіктер ашылған. Білім ордасының инфрақұрылымы да жыл санап нығайып келеді. Бүгінгі таңда 17 оқу ғимараты, оның ішінде 3 спорттық кешен, 6 жатақхана, 1 қаладан тыс оқу-сауықтыру орталығы мен оқу-жаттығу полигоны, 2 жүзу бассейні, спорт алаңдары білім қуған жастардың игілігіне пайдаланылып отыр.

Кез келген елдің жарқын болашағы сапалы білім мен кемел ғылымда екені белгілі. Еліміздегі іргелі оқу орындарының санатына кіретін біздің университет бүгінде бәсекеге қабілетті сапалы мамандарды даярлау ісінде де жемісті жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мамандарды даярлаудың үш деңгейлік жүйесі негізінде бакалавриаттың 95, магистратураның 59 және PhД докторантураның 19 мамандығы бойынша мамандар дайындау жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Оқу орнының халықаралық аренадағы беделі де жыл санап биіктеп, ғылым саласындағы табыстары да артып отыр. Мәселен оқу орнымыздың осы ғылым-білім саласы бойынша әлемнің озық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингінде (QS World University Rankings) өткен жылы 4763 университеттің ішінен 480-орынға табап тіреуі де үлкен жетістік деп білеміз. Осы айтулы табыстың арқасында осы рейтингке енген еліміздің 10 жоғары оқу орны ішінде университетіміз 4-орынды иеленді. Мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз жетерлік. Мәселен өткен жылы еліміздегі Білім сапасын қамсыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің рейтингінде 33 мамандық бойынша 1-орыннан, 18 мамандық бойынша 2-орыннан, 25 мамандық бойынша 3-орыннан көрінген болсақ, еліміздегі «Болон» процесі және академиялық ұтқырлық» ұлттық рейтингінде 15 мамандықта 1-орынға, 23-мамандықта 2-орынға, 13 мамандықта 3-орынға ие болдық.

Университетімізде ғылым саласына сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдарымыздың үздіктер қатарынан ұдайы көрініп отырғаны да қуантады. Бүгінге дейін «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына 143 профессор-ғалымдарымыз ие болса, өткен жылдың өзінде бұл мәртебеге 17 оқытушы лайық деп танылды.

Ағымдағы оқу жылы университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары 2016-2020 жылдарға арналған ҒЗЖ жоспарына сәйкес 125 тақырып бойынша жүргізілді. 2017 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жалпы сомасы 1 миллиард 571 миллион 647 мың теңгені құрайтын 66 жоба орындалды.

2017-2018 оқу жылының барысында университет ғалымдары тарапынан өндіріске 927 ғылыми дайындамалар, ал оқу процесіне 586 ҒЗЖ нәтижелері енгізілді. Былайша айтқанда, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 80-85 пайызды құрайтын университетіміз бүгінде сұранысқа ие, беделді оқу орны екенін әлдеқашан-ақ дәлелдеген. Олай болса, тарихы тереңде жатқан, еліміздегі жоғары білім берудің үздік үштігіне кіретін, сұранысқа сай сапалы маман даярлауды дұрыс жолға қойған университетіміздің 75 жылдығы құтты болсын, алар асуы, шығар белесі көп болғай деген тілек білдіреміз.

 

Сейдехан Әлібек,  М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының  докторы

«Қазақстан жолы» газеті, №38 (683) 13.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.