ҒАЛАМ ҒАЖАЙЫПТАРЫ: Хрусталь бассүйектер құпиясы

XX ғасырдағы ғалымдар мен археологтардың құпиясы ашылмаған ең үлкен «олжаларының» бірі – хрусталь бассүйектер. Олардың ең алғашқысын 1927 жылы ағылшын саяхатшысы Митчелл-Хеджес Орталық Америкадағы Юкатан жартыаралынан тапқан екен.

Оның экспедициясы археологтар «Құлаған тастар қаласы» деп атап кеткен майялардың ежелгі қаласының орнында үш жыл бойы қазба жұмыстарын жүргізеді. Митчелл-Хеджес өзімен бірге экспедицияларға жас қызы Аннаны да жиі бірге алып шығады екен. Сол жолы Анна археологтарға сәттілік әкеледі. Ол тұп-тура он жетіге толған күні храмның қирандыларының астынан ерекше затты – мөлдір кварцтан жасалған көлемі адамдікіне ұқсас бассүйекті тауып алады.

Осыдан кейін бұл бассүйекке қол тигізгендердің бәрі көңіл-күйінің өзгере бастағанын сезеді. Ал бұл «олжаны» өзінің жатын бөлмесіндегі үстелдің үстіне қойып қойған Анна көптеген мыңжылдықтар бұрын өмір сүрген үндістердің өмірі туралы түсініксіз түстерді көре бастайды. Уақыт өте келе ол мұндай түстерінің хрусталь бассүйекпен бір байланысы барын түсінеді, себебі оны бөлмеден алып шығып кеткен күні ежелгі майялар туралы шым-шытырық «фильмдер» сап тыйылады.

Анна көрген түстерін анық есте сақтап қалатыны соншалық, өзі көрген майялардың қызықты жоралғылары туралы айна-қатесіз әңгімелеумен болады. Тек әкесі өмірден өткен соң ғана Анна хрусталь бассүйекті зерттеуге беруді ұйғарады.

Кристаллды қарап шыққан зерттеушілер одан көптеген линзалары, арналары мен призмалары бар тұтастай оптикалық жүйені табады. Сондай-ақ, бассүйектен ешқандай өңдеудің ізі табылмайды. Сондықтан, ғалымдар кварцпен жұмыс істей алатын «Хьюлетт-Паккард» фирмасының қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Әйгілі фирма мамандарының зерттеу нәтижесі ғалымдардың төбесіне жай түсіргендей болады: бұл артефакт осы аймақтағы белгілі өркениеттер пайда болғаннан әлдеқайда ерте заманда жасалған болып шықты және оны жасауға өте жоғары сапалы хрусталь пайдаланылған, мұндай шикізатты бұл өңірден табу мүмкін емес. Ең бастысы, тек бассүйек ерекше төзімді тұтас хрустальдан жасалғаны былай тұрсын, құрылымы жағынан да барлық физика заңдарына қайшы келеді. Сонымен, ғалымдар мынадай «үкім» шығарады: «Бұл қарғыс атқыр зат шын мәнінде болмауы тиіс. Оны жасағандардың кристаллография мен талшықты оптика туралы ешқандай түсінігі жоқ. Олар симметрия өзегі туралы заңды мүлде жоққа шығарған, сондықтан бұл бассүйек бірінші өңдегенде-ақ қирап, төгіліп қалуы керек еді. Неге олай болмады, мұны түсіндіріп беру мүмкін емес»…

1996 жылы Колорадо штатында тағы бір хрусталь бассүйек табылады, бірақ ол біреу пластилиннен жасап, бірақ жұмысын аяқтамағандай әсер қалдыратын ерекше пішінде болатын. Бір қызығы, дәл осы бассүйек табылған жерде белгісіз ұшатын нысандар жиі тіркелетін көрінеді. Бәлкім, оның да бір байланысы бар шығар…

Табылған хрусталь бассүйектер зерттеушілерді көне қолжазбаларға жүгінуге мәжбүрлейді. Анықталғаны, үндістердің осындай 13 хрусталь бассүйегі болыпты. Оларды мұқият күзетіп, бір-бірінен қашық ұстаған. Осыны білген ғалымдар қалған артефактарды іздеп табуға белсене кіріседі. Сол сол-ақ екен, ерекше бассүйектер бірінен кейін бірі жарыққа шыға бастайды, олардың көпшілігі жеке коллекциялардан және әлемнің әр түкпіріндегі мұражайлардан табылады. Бірақ, олардың бәрі бірдей жоғары кәсіби деңгейде жасалмаған еді, көпшілігі тіпті баланың қолымен жасалғандай өте қолапайсыз көрінетін.

Көп өтпей бұл іске экстрасенстер де тартылады. Олардың барлығы ең алғашқы Юкатан жартыаралынан табылған бассүйек жас қыздың бассүйегінің «прототипі» екенін айтады. Басқа хрусталь артефактардың арасында біздің өркениеттен тыс тіршілік иелерінің бет әлпеті байқалған.

Хрусталь бассүйектер тек ғалымдарды ғана емес, көптеген құпия қауымдастықтар мен мемлекеттік құрылымдарды да қызықтыра бастайды. Сондықтан, бұл ерекше бассүйектер сақталған жеке коллекциялар мен мұражайлар бірнеше мәрте тонаушылардың шабуылына ұшырайды. Айталық, 1943 жылы Бразилиядағы мұражайды тонау кезінде фашистік «Аненербе» ұйымының мүшелері қолға түседі. Олар елге жасырын келіп, «Ажал құдайы» аталған хрусталь бассүйектердің бірнешеуін ұрлап әкетуді жоспарлаған. Мұндай әрекеттер бұдан кейін де бірнеше рет жасалады және немістер бұл артефактардың бірнешеуін ұрлап та әкетеді. Немістер хрусталь бассүйектер ғасыр жұмбағына айналған Атлантиданың ежелгі абыздарының білім қоймасын табуға көмектеседі деп есептеген.

 (Жалғасы бар).

Дайындаған  К.ТІЛЕПОВА.

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №37 (682) 06.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.