Ғаламтордағы терiс дiни ағымдардан сақ болыңыз!

Бүгінгі жастардың әлеуметтік желілерге жиі кіретіні баршаға аян. Сондықтан да олар еліктеушілікпен, қызығушылықпен ондағы діни ақпараттардың арбауына қалай түсіп қалғанын өздері де аңғармай қалады. Шындығында экстремизмді уағыздайтын сайттар түрлі айла-шарғылармен, психологиялық амал-тәсілдермен жас буынды тұзағына түсіруге тырысып бағуда. Сондықтан да дін турасындағы бұрмаланған ақпараттарды оқығанда аса сақ болған жөн. Өйткені бүгінгі ғаламтор діни фанатизмге үндейтін уағыз-насихаттарға толы, оларға қарсы мемлекеттік дең­гейде ауқымды шаралар да жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті де жастар мұндай ақпараттарға кез болғанда ол жазбаның авторына, түпкі мақсатының не екендігіне назар аударып, оның сенімділігі мен нақтылығына көз жеткізіп алғаны жөн. Ең абзалы, дін мәселесіндегі түйткілді сауалдардың жауабын ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдарынан алу.

Ал өңіріміздегі «Жастар жадына–ғаламтор жау» атты кездесулерді облыстық «Дін мәселе­ле­рін зерттеу орталығының» дінтанушы мамандары мен «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып жүр.

Мәселен Сайрам ауданы, Құтарыс ауыл округі Ақарыс ауылына қарасты №31 Бәйдібек жалпы орта мектебі мен Оймауыт ауылына қарасты Төлеби атындағы мектеп оқушыларымен болған кездесуді Сайрам ауданы бойынша «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің теолог маманы И.Батыр жүргізіп, оқушыларға жəне мектеп мұғалімдеріне «Ғаламтордағы махаббат бомбасы», «Дін және қазіргі заман», «Дін және дәстүр тағылымы» кітапшаларын таратып берді.

Ал  осы  ауылдық округкке қарасты Ы.Алтынсарин атындағы мектеп оқушыларымен және Ақсукент ауыл округіне қарасты «Оқу-өндірістік комбинаты»(УПК) мектеп оқушыларына «Кереғар діни ағымдардан сақтанайық» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуді «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның теолог маманы Ж.Битанов жүргізді. Сондай-ақ Сарыағаш ауданы Ораз ата ауылындағы Т.Бигелдинов орта мектебінің 10-сынып оқушыларымен кездесуде мектептің тарих пəні оқытушысы У.Одаманов пен «Ешан бау» мешіті имамы Б.Тажибаев дін, діни экстремизм, кереғар ағымдар, олардың теріс насихаттары мен интернеттегі қауіпті сайттар туралы түсінік берді. «Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмаған. Аллаға шүкір, біз ислам діні кең етек жайған, ислам дінін ұстанып келген ұлы халықтың ұрпағымыз. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кеткен түрлі дін мен ағымдарға ерместен, ата-бабамыз ұстанып келген ислам діні, оның ішіндегі ханафи мазхабы, матуруди ақидасында берік болуымыз керек»,-деді Б.Тажибаев.

Сонымен қатар Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мен Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жастар арасында «Жастар жадына–ғаламтор жау» тақырыбында кездесулер болып өтті. Кездесу барысында ғаламтордың теріс жағы мен жастарды қалай арбайтындығы туралы түсінік берілді. Сонымен қатар ғаламторға қатысты заң бабтары түсіндірілді.

«Жастар жадына – ғаламтор жау» атты кездесулер Бәйдібек аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен де өтіп, жастар арасында кеңінен талқыланды. Ал Қазығұрт ауданы аумағында жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында С.Рақымов, Жігерген ауыл округтеріне қарасты білім беру мекемелерінде «Жастар діни экстремизмге қарсы» атты кездесулер ұйымдастырылып, діни экстремизм мен терроризм мәселесі сөз болды.

Біздің қоғамдағы белсенді жастар діни экстремизмді қолдамайды. Оларды кез-келген теріс ақпараттан қорғау керек, өйткені олардың теріс ағымның жетегінде кетіп қалу қаупі басым. Себебі, дін атын жамылған жат ағымдар жастардың психикасын жете зерттеп, тура жолдан тайдырудың алуан түрлі амал-тәсілдерін әбден меңгерген. Бұл мәселе Кентау көпсалалы колледжінің студенттерімен өткен «Біз діни экстремизмге және терроризмге қарсымыз» атты жиында да егжей-тегжейлі айтылды.

Сондай-ақ Арыс қаласында С.Қожанов, Абай, Б.Момышұлы және И.Журба атындағы жалпы орта білім беретін мектептеріндегі жиында теолог маман А.Бектұрғанов халық арасында дәстүрлі дінімізді таныту, ақпараттық түсіндірме жұмыстары арқылы діни ағымдар мен секталардан сақтандыру өте маңызды екенін жеткізді. Жастар бұл жиында өздерін мазалаған көптеген сұрақтарға толыққанды жауап алып, теріс діни ағым жайлы мәліметтерге қанықты.

Ал жаңа оқу жылынан бастап ҚР экстремизм мен терроризмге қарсы іс- қимыл туралы 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес ақпараттық- түсіндіру жұмыстары жандануда. Биылғы ақпан айынан бастап Жастар ісі секторы Жетісай- Мақтаарал аудандарында жаңадан құрылған облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлімдерімен бірлесе жұмыс атқаруда. Негізгі қолға алған бағыт – жастарды экстремизм мен терро­ризмнен келетін зардаптан сақтандыру. Келелі кездесулер мектептермен қоса арнаулы, жоғары оқу орындарында және мекемелерде жалғаспақ.

 

Дайындағандар: А.ҮСІПОВ, Ұ.ӨСКЕН.

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.