Дiнаралық диалог – татулыққа бастар жол

Қазақстан конфессияаралық келісімге, дінаралық диалогқа қол жеткізген ел ретінде әлемге танылды. Сол себепті де дамудың даңғыл жолына түскен еліміз халықтың діни сауаттылығын көтеруге күш салып отыр. Яғни біздің мақсатымыз діни төзімділікті, конфессияаралық сұхбатты сақтай отырып, діни экстремизмнің алдын алу болып табылады. Ешбір діннің лаңкестікке үндемейтінін кейінгі толқынға тереңірек түсіндіру үшін де сан түрлі дін өкілдерін етене жақындастыратын бұл мерекенің мәні зор. Бұл атаулы күн Түркістан облысының аудан-қалаларында да мерекеленіп, түрлі тағылымды іс-шаралар, спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Жуырда Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «18 қазан – Рухани келісім күніне» орай салтанатты жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, қаланың ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Төлепов, қаланың бас имамы А.Абдулкамал, Шымкент қаласының Арыс қаласындағы Божией Матери қазан иконасы приходы жергілікті православиелік діни бірлестігінің өкілі А.Горбачев, қала және ауылдық округтердегі мешіт имамдары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.Шара барысында қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев және қаланың бас имамы А.Абдулкамал құттықтау сөз сөйлеп, мешіт имамдары қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ал мерекеге орай Кентау қаласы мен қалаға қарасты ауылдардағы діни бірлестік төрағаларымен өткен кездесуде елімізде өмір сүретін этностардың ынтымағы мен төзімділігінің арқасында бейбітшілік орнап отырғаны, діннің ахуалы діни бірлестіктердің ұдайы өсуімен ғана емес, діни құрылымдардың белсенділігімен де сипатталатыны айтылды. Кездесу соңында «Толық Ізгі Хабар Сун-Бок-Ым» Евангельдік Христиандық Шіркеуі жергілікті діни бірлестігінің төрағасы А.Зарипбаев, «Шымкент епархиясының Кентау қаласындағы Благовещенский приходы» жергілікті діни бірлестігінің төрағасы И.Варфолемей, ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдары қала әкімінің алғыс хатын иеленді.

Сондай-ақ Отырар аудандық орталық кітапханада Рухани келісім күніне орай дөңгелек үстел өтіп, мерекелік шараға аудандағы мешіттердің имамдары мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Жиында алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов: «Халқымызда «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөз бар. Дәулеті өскен, сәулеті келіскен бүгінгі Қазақстанның толағай табыстары  ынтымағымыз бен ырысымыздың берген жемісі деп білеміз. Біздің бірлігіміз төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделген. Бүгінде Қазақстанда халық­аралық қауымдастық мойындаған татулық пен бейбіт­шіліктің ерекше үлгісі қалыптасты. Еліміздің өзара келісім­ге негізделген бағыт-бағдарын әлем жұртшылығы жоғары бағалауда. Міне, осындай сыйластық пен үйлесімділікке негізделген ізгі ниетімізді кейінгі ұрпақ бойына сіңіру ассамблея мүшелері мен конфессия өкілдерінің мерейлі міндеті болуы қажет»,-дей келе, бүгінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы бейбітшілік пен бірліктің алтын арқауы екендігін тілге тиек етті.

Жиын барысында қоғамдағы рухани келісімнің негізі саналатын дұрыс діни тәрбие беру мен конфессияаралық қарым-қатынас этикасына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Ауданның бас имамы Ә.Бекбауов исламның негізгі аспектілеріне тоқтала отырып, жастардың түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуіне жол бермеу керек екенін айтты.

Сондай-ақ,Қ.Балқыбек, Ө.Жүсіпқожаұлы, П.Сапарбаев сынды ауылдық мешіттердің имамдары қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы, гуманизм, мәдени өркендеу жолындағы әрекеттерді арттыру жайында келелі ойларын ортаға салды.

Шара барысында ауданымыздың руханият саласына еңбек етіп, жастар мен аудан тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырып, аймақтың рухани дамуына үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Рухани келісім күніне орай дәл осы мазмұндағы дөңгелек үстел Шардара аудандық орталықтандырылған кітапханасында да қала, ауыл имамдарының қатысуымен өтті. Дөңгелек үстелді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Н.Муслимова ашып, аудан имамы А.Данияров, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, Ұзыната ауыл имамы Б.Есімханов, православ шіркеуінің өкілі Н.Штанг, сөз сөйлеп жиналған көпшілікті Рухани келісім күнімен құттықтады.

Қорыта айтқанда, бұл мереке этносаралық келісімді сақтап, нығайтуға ғана емес, сонымен бірге, діни төзімділікті, конфессияаралық диалог пен келісімді сақтауға септігін тигізеді. Өйткені бүгінде экстремизм мен терроризмнің алдын алу жаһандық мәселеге айналып отыр. Әсіресе, қоғамның қауіпсіздігі маңызды. Себебі, лаңкестіктің зардабы тыныштықты қалаған қоғамды діннен үркітуде. Сондықтан да қазіргі қоғамның діни сауаттылығы артатын болса, деструктивті діни ағымдардан сақтанудың жолдарын білсек, терроризмнің қауіп-қатерінен де сақтана алмақпыз.

Қоғам тұрақты болса, мемлекет те дамиды. Рухани келісімі жарасқан, бірлігі бекем елдің ғана алар асуы көп болады.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.