Әлемнiң ашылмаған құпиялары

Әлемнің ең мықты тарихшыларын, криптографтары мен ең жанкешті қазына іздеушілерін тығырыққа тіреп отырған жұмбақтар жер бетінде аз емес. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынайық.

Войнич манускрипті

Американдық антикварлық кітаптарды сатушының құрметіне аталған «Войнич манускрипті» — бұл мүлде түсініксіз тілде жазылған, 240 беттен тұратын кітап. Бұдан бөлек, кітапта біртүрлі диаграммалар, адам сенгісіз оқиғалар мен өсімдіктердің түрлі-түсті суреттері көп. Бұл өсімдіктерді жер бетінде өсетін бірде-бір өсімдікке ұқсату мүмкін емес. Кітаптың мұқабасында ешқандай жазу немесе сурет жоқ. Беттерінің көлемі — 16,2 х 23,5 см, қалыңдығы — 5 см. Кітаптың мәтіні мен суреттерді қағазға қаздың қауырсынын сияға батырып жазу арқылы түсірген. Манускрипт, радиокөміртекті талдама көрсеткендей, шамамен 1404-1438 жылдар аралығында жасалған. Ал авторы белгісіз.

Әлемдегі «Ең құпия қолжазба» деп танылған манускриптің шығу тегі туралы болжам көп. Зерттеушілердің бір тобы оны ортағасырлық және одан да ежелгі медицинаны сипаттаған фармакөшірме болуы мүмкін дейді. Шөптер мен өсімдіктердің суреттері де оны алхимиктердің оқулығы болған деген болжам жасауға итермелейді. Ал кітаптағы көптеген диаграммаларда астрономиялық құбылыстар бейнеленгендіктен, кітап жерден тыс өркениет өкілдерінің қолынан шыққан деген де болжамға орын береді. Бірақ, ғалымдардың барлығы бір нәрсеге сенімді. Бұл кітапты жасауға көп уақыт, ақша және үлкен күш жұмсалғанына қарағанда, мұны біреудің қалжыңы деуге келмейді.

Криптос шифрлары

Криптос — суретші Джим Санборнның қолынан шыққан шифрларға толы ескерткіш. Ол АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Лэнгли қалалық Орталық барлау басқармасының штаб-пәтерінің алдына орнатылған. Бұл ескерткіштегі құпия шифрларды тіпті сол барлау басқармасының өзі де соңына дейін шеше алмаған. Криптос ескерткіші төрт шифрдан тұрады. Оның үшеуінің құпиясы ашылған, ал төртіншісі сол күйі жұмбақ болып қалып отыр. 2006 жылы ескерткіштің авторы Санборн «бірінші шифрда төртіншісінің жауабы бар» деп азырақ көмек көрсеткен көрінеді. Ал 2010 жылы төртінші бөлігіндегі 64-69 NYPVTT коды БЕРЛИН деген сөзді білдіретінін айтқан. Бірақ, бұл да криптографтарға онша көмектесе қоймаған сыңайлы.

Бэйл криптограммасы

Бұл – бір кездері Томас Джефферсон Бэйл бастаған алтын іздеушілердің Вирджиния штатының Линчберг қалашығына жақын маңда алтын, күміс және басқа да бағалы тастарын көмген қазына орнын көрсететін шифрланған үш хабарлама. Әлі күнге табылмаған қазынаның құны ақшаға айналдырғанда шамамен 30 млн. долларды құрайды. Бірақ, криптограмманың жұмбағы әлі күнге шешілмегендіктен, бұл ен байлыққа жету мүмкін болмай отыр.

Үш шифрлы хабарламаның тек екіншісінің ғана коды ашылған. Бір қызығы, шифрдың кілті Американың Тәуелсіздік декларациясынан табылған. Бұған қазына иесі Бэйлдің аталған Декларацияның авторымен аттас болуы да себеп болса керек. Осы мемлекеттік құжаттың көмегімен оқылған мәтінде қазына орны «Бедфорд Каунти, Вирджиния» деп көрсетілген, бірақ оның нақты орналасқан жері белгісіз, олар қалған шифрлы хабарламаларда болуы керек. Дегенмен, осы іліктің өзін іліп әкеткен қазына іздеушілер бүгінге дейін Бедфорд Каунти аймағын ары-бері сүзгілеп, астын үстіне шығарып, қазына іздеуде. Бірақ, әзірге жолы болған ешкім жоқ…

(Жалғасы бар). Дайындаған Б.КЕМЕЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.