ӨНЕРДЕГІ ҚАЙСАР МІНЕЗДІ ҚЫЗ немесе ТЕРМЕДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ

1987 жылы Асанбай Асқаровты орнынан алып тастап, барлық газеттерде ол кісіні негативті – қаралау жағынан мақалалар жазылды. Сол кездері облысымыздың басына «қара бұлт» үйірілген кез болатын.

Республикалық айтысқа бір топ өнер майталмандары бара жатырмыз. Сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы бізге: «Қайтсеңдер де өнер жағынан бірінші орынды алып келіңдер»,- деген өтініш айтты. Жыршылар мен термешілер сайысына түскенде «Жұрт естімеген, жаңадан шыққан туындылар айтылсын» деген талап болды. Мен өзім әншімін. Жыр мен термені бұған дейін айтып көрмегенмін. Мәдениет басқармасына шақыртып, жыр-термені айтыңыз деген ұсыныс түсті. Қолымнан келмейді десем де: «Термені нақышына келтіріп, байқауда Сізден басқа облысқа бірінші орын алып келетін адам жоқ»,- деп сенім артты.

Ойбай-ау, енді қайттім?! Терме айтуды білмеймін ғой десем: «Уайымдамаңыз. Гүлсім Әділбекова деген кісі «Төлегеннің қош айтысуы» деген термесін айтуды «нанға жаққан майдай» етіп ерекше нақышымен үйретеді»,-деп шығарып салды. Ертесіне Гүлсім Әділбекова арнайы атбасын бұрды. Терменің сөзін параққа жазып алып келген. Ол кезде магнитофон жүрген жоқ. Жақсылап термені нақышпен орындап берді. Сол айтқанын ойыма тоқып, жаттап алдым. Содан, әбден дайындалдым. Ертесіне келіп, менің айтқанымды тыңдап «Тура осылай орындаңыз» деп қолпаштап, көңілімді көтеріп кетті. Осылай 2-3 күн дайындалдым. Ары қарай уақыттың тығыздығынан байқауға шығып кеттік.

Гүлсім айтыстың беташарын ашатын болды. Ал мен термені айтуға бара жатырмын. Жоқшылықтау заман еді. Қолымызда ақшамыз бар, алайда алатын зат таппаймыз. Дұрыстау көйлек іздеп, аяқ киім таба алмай қиналдық. Гүлсімнің туфлиі ұшының сыры кеткен еді. Сонда да «Ештеңе етпес, ұзын көйлектен сахнада көрінбейді» деп, өз көңілімізді өзіміз жұбатып қоямыз. Бәріміз дайындалып жүрміз. Әркім өзінің  өлеңдерін, термелерін  қайта-қайта айтып, қайталап жүр. Бойымызға сіңіріп аламыз деп қоямыз. Сөйтіп, Алматы қаласына келдік. Тарихта бірінші мәрте болған айтыстың деңгейі республика көлемінде тұңғыш рет болып жатқан-ды. Айтыс басталды. Қызылорда, Жезқазған, біздің облыс ақтық финалға шықтық. Финалға шыққан облыстардың беташарын ашуға Гүлсім сахнаға шықты. Әдемілеп тұрып, ерекше айшықта    орындап шықты. Көрермен-дер үдере қол шапалақтап, өз ризашылықтарын шынайы білдірді. Сахнадан арнауы аяқталғаннан кейін біздің жаққа келгенде, маңдайы қатты терлеп, бір қаратердің шыққаны айқын көзге ұрып тұрды.

– Жағдайың дұрыс па?-деп сұрасақ,

–Басым ауырып тұр,- деді. Жедел жәрдемді шақырттық. Дәрігерлер қан қысымын өлшеп көрсе 200-дің үстіне шығып кетіпті. Гримерлердің бөлмесіне апарып, бұлшық еттің ішіне укол салып, «Сіз демалыңыз» деп жатқызып қойды. Сөйтіп, кейіннен қасына келіп:

– Ой, не болды саған. Бағана ғана жақсы едің ғой. Қаперленіп қалыпсың? Не жағдай болғанын айт,- дедім.

– Бағана өлең айтып тұрғанымда, журидегі бір кісінің көзі менің аяқ киіміме түскенін байқап қалдым. Соған қан қысымым көтерілген шығар,- деп әзілдеп, күліп тұр.

Гүлсім қыз өте қатты намысшыл еді. Өлеңді айтқан кезде нақышына келтіріп айтатын. Өзінің қолтаңбасы әр өлеңде жүретін. Гүлсім өнердің саңлағы болды. Ел естімеген термелерді айтып жүретін. Үйреніп алу керек еді деп біз жүретінбіз. Кейін бәріміз жан-жаққа кетіп қалдық. Гүлсімнің орындайтын бір термесінде:

Жас қадірін білерсің,

Ақ түскенде шашыңа.

Жар қадірін білерсің,

Жесірлік түссе басыңа,- деген сөздері әлі есімде.

Шіркін-ай, Гүлсімнің айтқан термелерінің жинағы шыққанда жақсы болар еді. Біраз нәрсені әлі де үйреніп алатын деп өкінетін шақтар да аз емес… Бүгінгі таңда төрелікте өз жерлестеріне беріп жіберу деген бар ғой. Ол кезде ондай жоқ еді.

Жүрсін Ерман жезқазғандық Нағимаға бірінші орынды береміз дегенде, халық көтеріліп кетті. Барлығы бөлісіп алып, параққа жеңімпаздардың атын жазған болатын. Сол кезде «Төлегеннің қош айтысуы» термесіне халық ду қол шапалақ ұрып, бірінші орынды көрермен қауым ерекше ілтипатпен маған берген.

Алғаш мендей әншіге термені қалай айту керек­тігін осы Әділбекова Гүлсім үйреткенін айтып өту абзал. Былай қарап тұрсаң, Гүлсім менің термедегі алғашқы ұстазым бол­ды. Бірінші орынды алуыма Гүлсімнің септігі тиді.

Сол кезден бастап, мен де аттың басын термеге қарай біратала бұрдым. Өйткені, термелердегі философиялық сөздердің танымдық, тағылымдық тереңдігі мол. Мен өзім де сөзге ерекше мән беретін адамның бірімін. Термелердегі нақыл сөздер адамның жүрегіне қонып, адамның тұла бойын қопарып шығады.  1980 жылдары Гүлсімнің айтқан термелерін екінің бірі естімеген болатын. Өнердің ішінде жүрген қайсар мінезді қыз еді. Марқұм, иманды болсын. Ерте кетті. Гүлсім деген – ерекше адам…

Т.БУРМИСТРОВА,

Халық әншісі, жыршы, термеші

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.