Дiни экстремизм мен терроризм – елге төнген қауiп

Қазіргі қоғамда бүкіл әлемді алаңдатқан пиғылы жат ағымдар әрекеті өте өзекті мәселеге айналып отыр. Асыл дініміз–Исламға күйе жағып, дін атын жамылғандардың насихатына тоқтам қоятын да сәт келді. Ол үшін тазалық пен бейбітшілікті ту еткен, адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтын ислам дінінің қоғамды тек ізгілікке шақыратынын жас ұрпақтың санасына сіңіре білген жөн.

Өйткені бүгінде дінімізді сан тарауға бөліп алған діни ағымдардың қатары артып барады. Бұған интернет жүйелерінде жарияланып жатқан бей-берекетсіз материалдар мен телеарналардан көрсетіліп жүрген атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы фильмдердің әсерін т.б. қоссаңыз қауіптің қаншалықты ауқымды екендігін шамалауға болады. Сол себепті де өңіріміздегі орта білім беру мекемелерінде оқушыларға жат ағымның алдын алуға шақыратын тағылымды шараларды жиірек өткізген жөн болады.

Жуырда «Ынталы» жалпы орта мектебінде «Діни экстремизм мен терроризм–елге төнген қауіп» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге мектеп оқушылары және ата-аналар, ұстаздар қауымы, АНТ мүшелері мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы М.Халықов қатысты. Жалпы оқушыларға діни экстремизм туралы білім беру, теріс діни ағым дегеніміз не екендігін тренингтер арқылы жеткізу, діни сауаттылықты қалыптастыруды көздеген жиын көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда түрлі конфессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді қарым-қатынас жасауы үшін елімізде қолайлы жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар басқа елдер үшін үлгі болып табылады. Алайда, кейбір дінге сенушілер агрессия мен діни радикализмнің қауіпті формаларына бой алдырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіруде.

Осы мәселеге тереңірек тоқталған дінтанушы маман М.Халықов діни экстремизмнің  діни дұшпандық пен жеккөрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық бүтіндігін немесе егемендігін бұзуға және мемлекеттік құрылысты өзгерту мен билікті күшпен басып алуға бағытталған діни негізделген немесе діни камуфляждалған қызмет екендігін айтып өтті.

Сондай-ақ ол еліміздің Ата Заңының 1-бабында зайырлы мемлекет екендігіміздің анық көрсетіліп, қай дінге кіру,кірмеу азаматтардың өз еркінде болатындығын жеткізе отырып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»,  «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Терроризмге қарсы күрес туралы» т.б.  Заңдарға біршама тоқталып, түсіндіріп өтті. Жиналыс барысында оқушылар да белсене араласып, тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып отырды. «Сонда қандай адам сектаға кіруі мүмкін?» деген сауалға «Тыңдалмаған адамдар, қасында сөйлесетін досы жоқ адамдар» деп жауап берген маман 2012 жылдың 25 қазанында 17 конфессияны ұсынған 3088 діни бірлестіктің қайта тіркелгенін де атап көрсетті. Сонымен                                                                                                                                    қатар тренинг аясында оқушыларға «Ал мен осы адамға ұқсап, күнімен көшеде жүріп, адамдарды тартуға тырысқанды қалар ма едім?», «Осы адамдарға менің жетістіктерімнен қандай пайда?», «Олар маған қандай мақсатпен көмектесуде?» деген бақылау сұрақтарын қою арқылы тегін ірімшіктің тек қақпанда ғана болатынын ұғындыруға тырысты. Қауіпсіздіктің ең тиімді құралы –  беріктік пен сенімнен ауытқымау екендігін айтқан М.Халықов бейтаныс адамдармен жақын қарым-қатынасқа түспеуге шақырып, оның адамнан әдебиет алуға және кездесуге келісудің қажеті жоқтығын, теріс ағымға тартушыға мекен-жай мен телефон нөмірін қалдыруға мүлде болмайтындығын қатаң ескертті.  Сонымен қатар елімізде тыйым салынған «Курд халқының конгресі», «Асбат аль -Ансар», «Ағайынды мұсылмандар», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Шығыс Түркістан азаттық ұйымы» т.б. ағымдар турасында да шынайы ақпараттар берді.

Жиналыс соңында дінтанушы маман М. Халықов оқушыларға діни экстремистік арандатушы адамдарға «Жоқ» деп айтуға үйрену керектігін айтты. Қорыта айтқанда жасөспірімдеріміз діни экстремизм мен терроризмнің елге төнген қауіп екендігін жан-жүрегімен түсініп, оның алдын алу өз қолында екендігін әрдайым жадында ұстағаны дұрыс.

Б.Майлытаев,

Қазығұрт ауданы, «Ынталы» жалпы орта мектебі

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.