Көлеңкелер алқабы
Химачал-Прадеш сөзі «Қар басқан қыстақ» деген мағынаны береді. Осы штаттың солтүстігінде аз зерттелген Куллу (Кулантхапита) аймағы бар. «Кулантхапита» сөзі «адам мекендейтін жердің шегі» деп аударылады, сондықтан бұл аймақ ежелден қарапайым адам баласының аяқ басуына тыйым салынған құдайлардың мекені саналады. Аңыз бойынша, дәл осы жерде үндінің Шива құдайы мың жылдан астам уақыт бойы медитациямен айналысқан.
Дегенмен, осындай «тыйымдарға» қарамастан, Құдайлар алқабы адамдарды өзіне тартпай тұрмайды. Біреулер аңызға айналған Шамбаланы осы маңнан іздесе, енді бірі йоганың ең жоғары деңгейі – нирванаға қол жеткізуді көздейді, тағы біреулерін бұл жерлердің ғажайып сұлулығы қызықтырады. Бірақ, өкінішке орай, мұнда келушілердің көпшілігі жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетіп жатады. Ал енді біреулері негізінен түнгі уақыттарда аяусыз шабуылға ұшырап, белгісіз жауыздардың құрбанына айналады. Ең түсініксізі, түнгі қарақшылардың мақсаты туристерді тонау емес, олар тек өлтіруді не өлесі етіп сабап кетуді ғана көздейтін сияқты.
Осындай қауіпті шабуылға 2000 жылы британдық Мартин Янгтың отбасы да душар болыпты. Ол әйелі және 14 жасар ұлымен бірге түн қараңғылығын жамылып келген әлдекімдердің қолынан әбден таяқ жеген. Бірақ, қарақшылар олардан сабақты ине де алып кетпеген. Мұндай оқиғалар көптеп саналады, бірақ жергілікті полиция түнгі қарақшыларды қолға түсіруге қанша тырысса да, әлі күнге жолы болмай келеді.
Ал мұнда қызық іздеп не басқа да мақсаттармен келген адамдардың із-түзсіз жоғалуы туралы оқиғаларды жинастырсаңыз, тұтас бір кітап жазуға болады. Мысалы, 1996 жылы Көлеңкелер алқабына кеткен Бристоль университетінің жиырма жасар студенті Йен Могфор белгіленген уақытта қайтып оралмайды. Достары оны іздестіре бастағанда, Йен тоқтаған жергілікті қонақүйдің тіркеу кітабынан оның осында болғаны туралы жазба да болмай шығады. Ал Йен жоғалмай тұрып өзінің дәл осы қонақүй бөлмесінде түнегенін достарына хабарлаған.
Сол жылы жалға алынған шағын үйден 32 жастағы итальяндық Александра Верди есімді қыз да жоғалады. Рас, кейінірек оның мәйіті сол маңдағы өзеннің бойынан табылады, бірақ қыздың ажалына не себеп болғанын дәрігерлер сол күйі анықтай алмайды. Тек жалғыз ғана белгілісі – Александраның ашық қалған көзінен тек адам айтқысыз үрейді ғана оқуға болады…
1997 жылы Көлеңкелер алқабында Канададан келген студент Ардаван Тахерзадех, 1999 жылы голландиялық банкирдің ұлы Маартен де Брёйн жоғалады. Іздеу жұмыстарына қыруар қаражат жұмсалып, қаншама күш жұмылдырылғанымен, ешқандай нәтиже болмайды.
2000 жылы ресейлік саяхатшы Алексей Иванов атышулы Көлеңкелер алқабына үш күндік саяхатын жоспарлайды. Бұл аймақтың жаман атына қанық болғандықтан, оның достары Алексейдің әрбір қозғалысын сырттай жіті қадағалап отыратын болып, бәрі егжей-тегжейлі жоспарланады. Бірақ, ол алқапқа аяқ басқаннан кейін көп өтпей-ақ эфирден жоғалады. Ізін суытпай соңынан шыққан іздеу тобы иттерімен, ең соңғы үлгідегі іздестіру техникаларымен жарақталса да, саяхатшының ізін де таба алмайды. Бейнебір оны біреу жер бетінен мүлде «өшіріп» тастаған сияқты…
2013 жылы американдық Джастин Шетлер бүкіл әлемді аралап, өз саяхаты барысындағы оқиғаларын ғаламтордағы блогы арқылы оқырмандарымен бөлісіп отырады. 2016 жылы ол мотоциклмен Химачал-Прадеш штатына келіп, биік тау басындағы үңгірлердің бірінде медитация жасау үшін жергілікті садхумен (дін қызметкері) бірге Көлеңкелер алқабына қарай жол тартады. Оның бұл туралы Adventures of Justin блогындағы жазбасы табынушыларын алаңдата қоймайды, себебі Джастин бұған дейін де қаншама қауіпті бағыттарды бағындырып, батылдығымен көзге түскен болатын. Бұл жолы американдық саяхатшы оқырмандарына қыркүйек айының ортасында қайта оралуға уәде береді, бірақ уәдесінде тұра алмайды. Ол мүлде оралмайды…
Саяхатшыны жергілікті полиция мен ерікті іздеушілер тобы жықпыл-жықпылдың бәрін қалдырмай, түгел сүзе жүріп іздейді. Көп өтпей Джастинмен бірге кеткен садху табылып, қамауға алынады. Бірақ, ол саяхатшының жоғалуына қатысты ештеңе айтып үлгермейді, қамауға алынған күннің ертеңіне жергілікті түрменің камерасында оның өлі денесі табылады. Полиция оны өз-өзіне қол жұмсады деп мәлімдейді, бірақ шын мәнінде не болғаны белгісіз…
2015 жылы осыған ұқсас жағдай поляк саяхатшысы Бруно Мусчаликтің де басынан өткен. Бәрі де сол баяғыдай, саяхатшыны соңғы рет автобусқа отырып жатқан жерінен көрген, одан кейінгі ізі жоқ…
Бұл құбылысты зерттеушілер Көлеңкелер алқабына кеткен адамдардың неге және қалай жоғалатынына қатысты әртүрлі пікірлер айтады. Оның ішінде шындыққа жанасатындары да бар, бірақ, оған дәлел жоқ. Мұның себебін тылсым әлемнен іздейтіндер де бар, адамдар дәл осындай себептерге көбірек сенуге бейім. Бірақ, нақты болжам әлі айтылған жоқ, ол тіпті ешқашан болмауы да мүмкін…
Дайындаған
К.ТІЛЕПОВА.