ҮКАША АТАДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНДЫ

Түркістан қаласының Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Серт ауылында орын тепкен Үкаша ата кесенесі мен құдығы исі мұсылман баласына түрлі аңыз-әңгімелер мен қасиеті арқылы мәлім. Жылдың қайсы мезгілі болса да мұнда ағылып келушілердің қарасы қалың. Жылдан-жылға зиярат етушілердің де қатары ұлғайып келеді. Тарихи жерге тек қазақстандықтар ғана емес көптеген шетелдік туристер де ынталы.

«Туризм саласын дамытып-келушілердің ынтасын арттыру тек аңыз-әңгімелерді ғана насихаттау емес, тарихи орындардың көркі мен келбетін жақсарту, халыққа жайлы жағдай жасау.
Осы мақсатта-Үкаша ата кесенесі мен құдығы аймағында қуатты электр жүйесін тарту, ауыз суға арналған құдық қазу, абаттандыру сынды көптеген мәселелер «Әзірет Сұлтан» қорық- музейінің негізгі күн тәртібінде тұр.  Арнайы құбырлар тарту арқылы ағын су жүргізіп көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарастырылуда. Мұның бәрі келушілерге, яғни туристерге сапалы қызмет көрсету үшін іске асырылуы тиіс шаруалар»,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.

Бұған дейін, зияратшылар мен саяхатшылардың кесенеден  2 шақырымға жуық жердегі Үкаша ата құдығына қатынауы әжептеуір әуре-сарсаңға салатын. Себебі, қос араның қашықтығы жаздыкүнгі ыстықта, көктем- күз айларындағы лай-батпақта жаяу адам түгілі көліктегі кісіні де қажытатын.   Меккедегі зәм-зәм суының қасиетімен бірдей саналатын қыр басындағы құдыққа ағылған жұртшылық жуырда ғана төселген жаңа жол мен абаттандыру істеріне алғыстарын білдіруде.
Бүгінде бұл жер бүкіл түркі жұрты мінəжат қылып, тəуəп жасайтын зиярат орнына айналған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.