ҚАЛАДА ҚАРБЫЗ ҚЫМБАТ, АЛ АУЫЛДА «ШІРІП» ЖАТЫР

Биыл қауын-қарбыздың бағасы бұрын-соңды болмаған шарықтау шегіне жетті. Көк базарда қауынның әр келісі 120-150 теңге болса, қарбыз да одан қалысар емес – келісі 80-90 теңгені төңіректеп тұр. Яғни, орташа көлемдегі қарбызды кемі 700-800 теңгеге аласыз. Бұл көкөнісі көп, жеміс-жидегін «ит жемейтін» оңтүстік өлкедегі жағдай. Алты ай жаз болатын өлкенің өзінде көпшілік қауын-қарбызды мейірі қанып жей алмаған соң, солтүстік өңірлер жайлы сөз қозғаудың өзі артық шығар.

Жә, бұл жағдайға қарап биыл қауын-қарбыз еккендер байлыққа белшесінен батып қалған екен ғой деп ойлап қалуыңыз да мүмкін. Бірақ, бір өкініштісі, ала жаздай аптап астында жүріп, жемісін әрең жетілдірген диқандардың да жетісіп жүргені шамалы. Өйткені, оны күтіп-баптап, өсірудің өзі оңай емес. Жер егіп, бала-шағаның нәпақасын осы саладан айырамын деп ниеттенген күннен бастап шығын шығара бастайсыз. Жерді қопсыту, дайындау, егу, өсіру, тыңайтқыштар беру, суару, шабық шабу, тағы басқа да шаш-етектен келетін шаруаларын бітіріп болдым-ау дегенде енді оны өткізу керек деген «өткелге» кездесесіз. Өткел деп отырғанымыз, анау-мынауға дес бермейтін мұның да өзіндік машақаты көп. Әсіресе, соңғы жылдары бұл мәселе алып-сатарларсыз бітпейтін болып жүр. Ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін бел жазбай жұмыс істеген диқандардың ендігі «тағдыры» алыпсатар деп аталатын алаяқтардың қолында. Қысқа күнде бағаны қырық құбылтып, әбден әуре-сарсаңға салады. Әрі қарай сөзімізді осы ойынның айналасында жүрген кейіпкеріміздің сөзімен сабақтайық.

«Менің диқаншылықпен айналысып, қауын-қарбыз егіп жүргеніме он жылдан асты, -деді өзін Серік деп таныстырған сөзшең жігіт. – Осы он жылда небір адам айтса сенгісіз оқиғаларды бастан кешірдік. Бірақ, қанша қиын болса да бұл кәсіп ауру сияқты бір кірсе қайтып шығуы қиын екен. Осы жолда қаншама қиыншылықтар кездесті. Денсаулық та сыр берді. Сонда да елеңдеп отырасың. Бұрындары «мақта мафиясы» деген болушы еді, қазір соны сәл-пәл өзгертіп «қауын мафиясы» дегенді айтып жүрміз. Бұл жерде де сол, еңбекті біреу жасайды, қызығын біреу көреді. Мысалы, дәл қазір қауынның бағасы «жанып» тұр. Осыдан екі-үш апта бұрын әр қорабы 600-700 теңгеге дейін түсіп кетіп еді. Қазір 2500-3000 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Екі нарықтың арасы жер мен көктей. Мұны біреулер нарық дейді. Бірақ, сол нарықты «ноқталап» алып, өз дегенімен жүргізгісі келетіндер бар екенін ескере бермейді. Бағаны осылайша ойнатып отырып екі ортада пайда табатындар бар. Оған сауданың тілін жетік меңгерген қалталы азаматтардан бастап, қолында билігі бар құзыретті мекеме қызметкерлеріне дейін «доляға» кіреді. Қарапайым диқан солардың дегенінен шықпай, айтқанын істеуге мәжбүр. Тыңдамаған жағдайда дайын өнімі жерде жатып шіріп кетеді. Сол үшін де бұл салада жүріп, өз нәпақаңды айырып жеу үшін тек тер төгіп еңбек ету жеткіліксіз, сонымен бірге «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» мәселе шешетіндей өнерің болуы керек».

Кәнігі диқанның астарлы сөзі біраз нәрсені аңғартатындай. Қай жылы Шардара ауданындағы Достық ауылында алыпсатарлар мен диқандардың арасында атыс-шабыс орын алып, бір үйдің өрімдей баласы оққа ұшты емес пе?! Сонда айдалада жүрген алыпсатар келіп, ала жаздай еңбек еткен диқанның еккен өніміне иелік жасап, өзінше баға белгілеген ғой. Яғни, нарықты төмен түсірмеу туралы тапсырма береді. Оның белгілеп берген бағасын айтып отыра берсе, шілденің шыжыған ыстығында қауыны ағып кетуі мүмкін. Бір-екі күн күтіп, алушы болмаған соң диқан амалсыздан өз өнімін арзанырақ беруге мәжбүр болады. Осылайша «нарықты түсірдің» деген негізсіз айып тағылып, ақырында іс насырға шауып, атыс болып, бір адам ажал құшады. Осылайша дәмі тәтті, еңбегі қатты «қауын қақтығысындағы» оқиғаның салдарынан екі отбасы зардап шегеді. Бірі өрімдей ұлынан мәңгіге көз

жазып қалса, екінші жақ оң-солын енді танып келе жатқан баласын темір тордың ар жағынан көруге мәжбүр болады.

Жалпы, осы жерде қазақи қисынға салып көрсек, өкінішті оқиғаның бер жағында екі жастың сөз көтермес қызуқандылығы мен ерегесі жатса, ар жағында бүгінгі жүйенің әбден былыққандығы білінеді. Рас, жүйені қалыптастыратын халық қой, ал халыққа бағыт-бағдар беретін – билік. Ал, біздің билік жекенің жұмысына араласа алмайтынын айтып ақталып жатады.  Мүлде араласпаса мейлі ғой, кейде өздерінің бар екенін білдіргісі келгендей болмашы жерден бас көтеріп қоятыны бар. Мысалды алысқа бармай-ақ осы «қауын» тақырыбының айналасынан іздейік.

Таяуда жетісайлық Ақмола Байбосынов деген азамат жол жиегінде тұрып, қауын сатып жатқан диқандарға жергілікті билік өкілдері қырғидай тиіп жатқанын әлеуметтік желіде мәселе етіп көтерді. Автордың айтуынша, диқандар өз өнімдерін жол жиегіне шығарып сатуына да жол берілмейді екен. Әрине, кім көрінген күре жол бойында тұрып сауда жасай беруіне болмас, дегенмен осы жерде де танысы барлардың «шансы» бар екенін анық аңғарылады. Яғни, бұл жерден орын алып сауда жасау үшін де арнайы рұқсат керек. Ал, рұқсат екінің біріне беріле бермеген соң бұл жерде нарықтық бәсеке болмайды. Бәсеке болмаған жерде сатушы ойындағы бағасын қойып, көл-көсір пайдаға кенеліп шыға келеді. Тағы да қисынға салып көрейік, екі диқанның да өнімі сол жерден шыққан. Яғни, жері де, суы да бірдей. Тіпті, азаматтары да алалауға келмейтін сол ауылдың тұрғындары. Айырмашылығы, бірі диқаншылықпен бірге нарық тілін де жақсы меңгерген. Ал, екіншісі дәмі тіл үйіретін қауын өсіргенімен, оны сатуға келгенде шорқақ. Сол үшін неге ол зардап шегуі керек? Автор, міне, осы мәселені айта отырып, жергілікті билік диқандардың өз өнімін сатуға қолайлы жағдай жасай алмай отырғанын айыптайды. Шынында да, егер осы мәселе оңтайлы шешілсе, жер еккен диқанның да жағдайы жақсарып, есесіне ел де арзан қауын-қарбызға қарық болады емес пе?! Сонда ғана қалада бағасы шарықтап кеткен қауын-қарбыз қолжетімді болып, ауылдарда сұрауы болмай жатқан өнімдер кәдеге жараған болар еді.

PS: Бұрындары апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі болып, ауыл диқандары өз өнімдерін қала тұрғындарына қолжетімді бағаға сатуға мүмкіндік жасалатын еді. Бүгінгі жеміс-жидектен тосап қайнатып, қысқы азықтарды консервілеп алатын мезгілде осындай шаралар қайта қолға алынса құп болар еді. Ал, әңгіме басында айтылған «қауын мафиясымен» күресу, қарапайым диқанның ала жаздай еңбегін мазаққа айналдыратын алып-сатарлармен күресу де құқықтық мемлекетте құзырлы органдардың мызғымас міндеті болуы керек.

Айдын СӘТЖАН.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.