ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗУ ЕЛДІККЕ БАСТАЙ МА, ӘЛДЕ…

Тату елдің тұғыры қашан да биік болатыны тарихтан белгілі. Көне деректерге көз жүгіртсеңіз, дала халқының даналығы мен тапқырлығына, ел басқару саясатындағы ақылдылығы мен алдағыны болжай білетін көрегендігіне тәнті боласыз. Небір қиын-қыстау замандарда, «тар жол тайғақ кешу» кезеңдерде көш бастап, елді аман-есен алып шығу жолында хандардың ықпалы зор болған.

Сонымен бірге, елдің бірлігі мен ынтымағын ұйыстыра білген билер мен батырлардың, көсемдер мен шешендердің, ақын-жыраулардың да қоғамдағы орны ерекше.

 

Міне, осындай бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен елдіктің үлгісін көрсете білген дана халықтың бүгінгі ұрпағы неге ұсақталып кетті? Ауыл-ауылда жік-жікке бөлініп, ас-жиын өткізіп жататындардың әрекетін елдің ауызбіршілігіне балап жататындар бар. Сайып келгенде әр рудың өз алдына отау тігіп, мешіт салып, кесене тұрғызуын тұтас елдің бірлігі деп есептесек, қателесеміз. Қайта бұл елді біріктіруге емес, іріктіруге бастайды. Бүгінде бұл мәселеге байланысты мерзімді баспасөздерде де аз айтылып жүрген жоқ. Қоғамды алаңдатқан мәселеге байланысты бұқара халықтың пікірі екіге бөлініп тұр. Бірі «Елдің ауызбіршілігі ең алдымен өздерінің кішігірім басқосулары мен ас-жиын өткізуінен басталады, бұл біздің елдің ауызбіршілігіне бастайтын алғышарт» десе, тағы бірі «Жас жеткіншектеріміз батыстың дүдәмал дәстүріне еліктеп, дүбара болып бітетін болды, ең құрығанда ата-бабалары мен қазақтан шыққан батыр-билерді біліп жүрсін, қалталы азаматтардың ескерткіш орнатып жатқаны құптарлық іс» деген уәж айтады. «Қазақтың ру-руға бөлініп, жік-жікке жіліктенуін жаманниеттілер өздерінің пасық әрекеттеріне пайдаланып кетпесе екен…» деп алаңдайтындар да аз емес. Әрине, айтылған пікірлердің қай-қайсысы да қазақтың ауызбіршілігі мен татулығына тілеулестік танытып тұрғанын аңғартады.

Иә, ескерткіш елге керек. Бірақ ол жекелеген адамдардың мүддесі үшін емес, мемлекеттің идеологиялық ұстанымымен үндесетіндей болса екен. Бұған дейін орнатылған үлкенді-кішілі ескерткіштер үшін еңбек етіп, қаржылай қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтуымыз керек шығар, бірақ алдағы уақытта кез келген адамның елге сауын айтып, ақша жинап, ескерткіш, мешіт тұрғызуына жол бермеген жөн.

Бүгінде батырларға, билерге, ұлы тұлғаларға қойылған мәдени ескерткіштер жетерлік. Алайда, ел басқарған хандарға келгенде ұяттылау жағдайда жүрміз. Әсіресе, Түркістан облысында хандарға арналған ескерткіш жоқ. Бұл мәселеде Тәуке хан даңғылы, Ақназар хан көшелері өздері аттас ұлы тұлғалардың сомдалған бейнесін күтіп тұр.

Шымкент қаласының екінші даму кезеңі басталды. Жаңа заманға сай Нұрсәт мөлтекауданынан бой түзеген әкімшілік аумағының болашағы зор болғалы тұр. Осы аймақтан түсетін жаңа көшелердің сәйкестігіне орай Абылай ханның атына бір даңғыл берілсе деген ұсыныс бар. Сондай-ақ, «Қазақтың егемендігін алып беремін, тәуелсіздігін қайтарамын» деп ат жалында күн кешкен ханымыз Кенесарының оңтүстік өңіріндегі өткізген тарихи жолдарының куәсі ретінде бір көшенің атын беріп, еңселі ескерткішін орнатсақ, қазақ руханияты үшін берері зор істің бірі болар еді.

Иә, қазақ халқы бақиға аттанған асылдарының сүйегін ардақтап, кең даланың әр түкпірінен әкеліп қасиетті Түркістанға жерлегені белгілі. Бүгінгі күнде 28 хан жерленген деп есептелетін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанынан «Хандар пантеонын» ашып, соған лайықты көз тартарлықтай мазмұнды архитектуралық ғимарат салуды қолға алып жатсақ құба-құп болар еді. Егер бұл ұсыныстар жүзеге асатын болса, егемен еліміздің абыройы асқақтап, жас ұрпақтың бойындағы өз еліне деген мақтаныш сезімін оятып, бір тудың астына бірігуге, рухын көтеруге септігі зор болатыны сөзсіз.

Тақырыптың түйінін айтар болсақ, ескерткіш тұрғызуға да талғам керек. Рас, халықтың рухын көтереміз деп салған кейбір «ергежейлі» ескерткіштер мен шалажансар дүниелердің белгілі бір ру өкілдерінің қалтасын қомпайтып қойғаны болмаса, елге берері де болмай тұр. Қайта әркімге әжуә болып, мазаққа айналып барады. Ал, мазақ дүниенің түбі жақсылыққа апармайтыны айтпаса да түсінікті. Сол үшін көпшіліктің назары түсетін қандай тірлік болмасын оны атқарарда қалың қоғамның пікіріне де жүгінген жөн. Бір сөзбен айтқанда, елдің бірлігі үшін қандай әрекет жасасақ та артықтық етпейді. Жік-жікке бөлініп, әркім өз алдына бір-бір ескерткіш, кесене, мешіт салып жатса, ол енді елдің ауызбіршілігін білдірмейді. Түбі бір тудың астынан табылып жатқанға не жетсін!

 Айдын СӘТЖАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.