ТҮРКІСТАНДА БІРЛІКТІ НАСИХАТТАҒАН ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ және Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп, онлайн конференция өткізді. Оған Zoom желісі арқылы облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, ҚХА жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымдары және Әділет департаментінің қызметкерлері, жалпы 200-ге жуық адам қатысты. Күн тәртібінде «Этносаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі, толеранттылық, бейбітшілік пен келісім – Елбасы саясатының негізі» тақырыбы талқыланады. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Калыйма Жантөреева жүргізіп отырды.
Соңғы кездегі зерттеулерге қарағанда КСРО-дағы репрессия, депортация, Ұлы Отан соғысы және кеңестік биліктің жүргізген әлеуметтік-саяси науқандары мен жаппай қуғын-сүргін әсерінен 1926-1959 жылдар аралығында 4 миллионға жуық адам жер аударылған. Бұл халықтардың көп бөлігі Қазақ жеріне қоныстандырылған.
«Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының IV сессиясындағы баяндамасында жалпы жер аударылғандар санының 1 миллион 200 мыңы Қазақ жеріне келгендігі туралы дерек келтірді. Олар қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін жасап, аман-есен аяққа тұрып кетулеріне жәрдемдесті. Елбасы елімізде татулық пен келісімді сақтау – қауіпсіздігіміз бен дамуымыздың басты кепілі екенін үнемі назарда ұстады. Сондықтан бұл салада жұмыс тоқтамауы керек», – деген К.Жантөреева конференцияның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанына тоқталды.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков «Өздеріңізге белгілі биыл елімізде Тәуелсiздiктiң 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Тәуелсіздік жылдары iшiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегi iшкi тұрақтылықты, қоғамдағы келiсiмдi орната отырып, ауқымды өзгерiстердiң iргетасына айналып, қазығын қадады. Күні кеше өткен Ассамблеяның 29-шы сессиясында тәуелсiздiк жылдарындағы жеткен жетiстiктерiмiзге шолу жасалып, әлем елдерi мойындаған бiртұтас мемлекетiмiздiң ары қарай дамып, өркендеу жолындағы бағытымызды айқындады», – дей келе өңірде түрлі этнос өкілдерін отаншылдыққа баулу, тұрақтылықты, бірлікті сақтау бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Этносаралық қатынастар саласындағы мақсатты индикаторлар анықталып, оларды іске асыру үшін Түркістан облысы бойынша этноәлеуметтік шиеленістің картасы дайындалып, орын алған этносаралық оқиғаларға талдау жасалып тұрады. Бұдан басқа жыл басынан бері облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар тарапынан онлайн және карантиндік талаптарды сақтай отырып, офлайн форматтарында 200-ге жуық іс-шара өткізілген.
Zoom желісі арқылы өткен жиында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова әрбір азаматтың тәуелсіз еліміздің нығаюына үлес қосуы керек екенін, жас ұрпақ арасында мейірім мен бірлікті насихаттайтын іс-шаралар көбірек ұйымдастырылғаны жөн екенін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарид Аюповтың, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар бөлімінің басшысы Сейдулла Исмаиловтың да ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Конференция қортындысы бойынша қаулы қабылданды. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді, ел бірлігін нығайту бағыттарындағы іс-шаралар мазмұнын байыту ұсынылды. Қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді насихаттау, семинарлар мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.