Қазақ тұрмысындағы ырымдар мен тыйымдар
* Көрші-қолаңнан біреу алыс жолға аттанғанда ауылдағылар жолаушының тоқымын қағады. Бұл «тоқымқағар» деп аталады. Жолаушы аттандырған үйдің иесі дастарқан жайып, жиналған жұртты сыйлайды. Жұрт жолаушыға ақ тілеу айтады.
* Бір шаруамен үйге кірген адам тізе бүгеді, тіпті өте асығыс болғанның өзінде де тізе бүгіп, үй иесіне ілтипат жасауға тиіс. Бұл — шаңыраққа құрмет. Егер келген адам түрегеп тұрып шаруасын айтса, үй иесі: «Неге тізе бүкпейсің, біздің үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзауласын дегенің бе?» — деп өкпе айтады.
* Қазақ салты бойынша от алуға келген кісі от алғалы келгенін айтпайды. Отты алады да, үнсіз шығып кетеді. Тек: «От ана, сақтай гөр!» — деген тілек айтады. Әсілі от алу — жақсы әдет емес, сондықтан от алушы басқалармен сөйлеспейді. «Ел іші ала, кереге басы пәле болмасын» дейді.
* Ұзатылған қыз соңынан ерген сіңлісіне өзінің тақиясын, бөркін береді. Бұл – «Ендігі кезек сенікі, бағың ашылсын», – дегені. Мұны қазақ «Шарғы» дейді. Шарғылы қызға жеңгелері, құрбылары: «Бағың жансын, бағың ашылсын!» – деп жақсылық тілейді. Жасы үлкендері: «Маңдайың жарық болсын», – деп, маңдайынан иіскейді.
* Келін түскенде, қыз ұзатылғанда, жолаушы сапардан оралғанда, құда не туыс-туған келгенде, тағы басқа қуанышты күндерде ауыл әйелдері құрт-ірімшік, қант-кәмпит, күміс тиын араластырып, топтасып тұрған адамдардың ортасына «Шашу, шашу!» деп айқайлап тұрып шашады. Шашуды барлығы теріп алып, ырым ретінде үйлеріндегі балаларына апарып береді. Бұл балалары ырысты болсын дегені.