Ғаббас Қабышұлы: Ұлттық мемлекеттiң негiзгi сипаты – сол ұлт тiлiнiң құрметтелуi.
Меніңше, Қазақстан нағыз әділетті, қуатты ел болып танылмайынша, қазақ жоқ. Қазақ ғылым-біліммен жан-жақты танылмайынша–Қазақстан жоқ. Ұлттық идея, ұлттық идеологияның өзегі осы.
***
Үлкен-кіші, ер-әйел болып баршамыз елімізге, халқымызға әділ, адал бола білсек, тіршілігіміздегі оң-терісті бажайлап түсіне білсек, оң іске қуанып, оны жасаған азаматтарды ашық алқап жүрсек, теріс іске ренжіп, оны жасаған шенеуніктерді дер кезінде ауызша да, жазбаша да батыл, ашық сынап отырсақ, онымыз Қазақстанның мүддесін құрметтегеніміз болар еді.
Бар қазақтың ары — әр қазақтың арына айналса игі.
***
Адами тазалық үстем ортада арамдықтың ешбір түрі болмайды, ал бола қалса, ұзақ тұрақтай алмайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік, үкіметтік қызмет ордаларымызда тазалық жетіспейді. Осы уақытқа дейін биліктің әр буынынан қаншама шенеунік мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін ұсталып, істі болды. Бірі үйқамақта, бірі темір тордың ар жағында отыр. Бас сауғалап шетел асқандары да аз емес. Ойы орындалып, бұғып жүргендерінің қанша екенін бір құдай білсін. Ешкім бір сәтте жемқор бола салмайды, «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді».
***
«Тәуелсіздікті» ешкімге, ешқашан, ешқайда тәуелді болмау деп білетін қалыңқалталылар, олардың жетегіне ерген қалтасыздар бар және аз да емес. Солардың құзырларындағы «тәуелсіз» гәзеттер, мысалы, кешегі КСРО-ның 74 жылға созылған өмірінен 7,4 минөт айтуға жетер жақсылық таппайды. Қазақты да патшалық Ресейдің жұтып қоюынан сақтап қалған 1917 жылғы Қазан төңкерісін, гитлерлік фашизмнің құлы болып құрудан аман алып қалған Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісімізді қара тілінің жеткенінше күстәналайды. Ем қонбас дерт дерсің. Ал ойы жұтаңның сөзі сұйық болатыны әу бастан аян. Мәдениетті адам өзінің де, өзімен сөйлесіп тұрған адамның да әрбір сөзіне мән береді. Мәдениеттен жұрдайдың санасы селдір, ауызы бейпіл болады.
***
Біздің қоғамды парақорлық, жемқорлық жайлап алғанын өзімізден басқаның бәрі біледі. Өзіміздің «білмейтініміз»: жағын, қаламын жалдап, Қазақстанның «жан-жақты дамығанын» бүкіл дүние жүзіне айтып та, жазып та таратушы БАҚ пен «бұлбұлдар» жеткілікті.
***
Жемқорлықты ұйымдастыра білген алаяқ тұтыла қалғанында одан қалай құтылудың айла-әдісін де күні бұрын ойластырып қояды дей аламын. Бізде жемқорлықтың тамырына бүгін-ертең балта шабу мүмкін емес, өйткені залал істің бар екенін еріксіз мойындап даурығуымыз бар да, оны дұрыстауға зауқымыз жоқ. Баяғы ұсқынсыз ұраншылдық.
***
Мәдени астанамыз Алматының көшелері жазда солай ашық-шашық, көйлек пен белдемше орнына тылтиған жарғақ шалбар киіп, быртиып-тыртиып жүретін қыз-қырқынға толы болады. Ұлттық ажарынан айырылғандардың ұлттық сезім-намысы өшетінін ол қыздардың әке-шешелері, туған-туысқандары, ол шәкірттердің мұғалімдері, ол студенттердің ұстаздары шынымен білмей ме?! Неге білмесін, тек «заман солай» деген немкеттілікке бой алдырғандар болар. Жасым ұлғайғанда осындай оспадарлықты көремін деп ойламаған едім.
***
Кітап шығару ісіміздің бетімен кеткені рас. Үкіметтің құзырында қалған бірер баспа өзіне жол таба алғандардың кітаптарын шығарады. Құжынап кеткен жекеменшік баспалардың авторлары – қалтасы қалыңдар. Олар кітабын кім туралы, не туралы, неше том, неше дана етіп шығаруға ерікті. Ал ол баспалар әдеби сын пікірден (рецензиядан) тыс, шығар кітаптың қолжазбасын авторынан өзге ешкім оқымайтынында да шаруасы жоқ. Міне, біздегі әдеби тыныс, кітап тасқыны осындай. Мемлекеттік, басқа да сыйлықтар десек, олардың бәрі – «бармақ басты, көз қыстымен» шешілетін болғалы қашан!