АБАЙДЫ ТАНУ – САНАЛЫ ҰРПАҚ МІНДЕТІ

Қазақ сахарасының біртуар перзенті, еркін даланың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл. ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін бұл мерекенің рухани, идеологиялық маңызы өте зор. Ақынның шығармашылығы мен философиялық еңбектері – бүгінгі ұрпаққа қалып отырған теңдесі жоқ мұра. Дала философиясын қазіргі таңда әлемнің беделді ғалымдары  мойындап, Абай қалдырған мұраларды өз тілдеріне аударып, халқымен бөлісіп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақ жастарынан Абайдың сөздеріне құлақ асып, әрқашан Абайдың ұстанымдарын жадында ұстауды сұрады. Қазіргі жаһандану заманында қай елдің жастарының ғылымға құштарлығы мол болса, сол елдің болашағы жарқын  екенін ашып көрсетті. Дей тұрғанмен, Абайдың елге мұра қылып қалдырған дүниелері әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегіне жете қоймаған секілді. Себебі, Абай атап өткен қазақ жұртының өрескел тұстарынан әлі күнге дейін құтыла алмай отырған жөніміз бар. Оған қоса, ұрпағына жол көрсеткен бабамыздың кейбір сөздерін қазіргі қоғам білмей жүргендей ой туындайды.

Ақынның «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңінде «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп айтып өткен сөздерін мектеп қабырғасынан бастап құлағымызға құйып өстік. Алайда, сол қашық болу керек бес нәрсе қазіргі таңда елімізде қашық болмақ түгілі, кең етек алған десек, артық емес. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дейтін өлең шумағында кездескен бұл адам бойындағы теріс қасиеттерді ұлы Абай екі ғасыр бұрын дертке санаған. Әрине, ол кезден бері қазақ жұрты не көрмеді, бірақ ел болып тұғырымыз тұрақталса да, өзіміз би, өзіміз қожа болсақ та, бұл бес қасиет бойымыздан кете қойған жоқ. Бұл бес қасиет қазіргі таңда қоғамның тұс-тұсынан: жастардан қарияларға дейін, шаруалардан шенеуніктерге дейін, ерлер мен әйелдерден де шығып отыр.

Қазақтың ғана емес, ғаламның дертіне айналған бұл кілтипан жағдаяттардың ХХІ ғасырда өзіндік көрінісі бар. Теледидар, әлеуметтік желілер осы бір қоғамның келеңсіз көрінісін, адамзаттың осал тұстарын насихаттап жатқандай. Өсек айтып, ел аузындағы алып қашпа әңгімелерге ілесе кететін бұл заманда ақпараттық әлем танымал тұлғалардың өмірін ақтарып, жерден алып жерге салуға дайын тұрады. Бұл істің бір ұшы тағы бір дерттің басын ашады, ол – өтірік. Қазіргі таңда қараша халыққа беріліп жатқан ақпараттың рас немесе өтірік екендігі емес, қызық болғаны маңызды секілді. Сол себепті, «өтірік хабар» ел арасында тез тарап, елдің де шырайын кетіріп жатқан кездері аз емес. Оған қоса, малын шашып, елге мақтанып, салтанатты өмірлерін паш ете жүру құдды бір флешмоб секілді, бірімен-бірі таласып, кімнің дәулеті астам екенін көрсетуге асыққан бұл қазақтың ежелгі жаман әдеті бүгінгі күні шыңына жеткендей…

Адамзаттың надандық қылықтардан құтылып, дұрыс жолға бет бұратын ойларды да ұлы Абай айтып өткен. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой». Бұл өлең шумақтары біздер үшін тек жаттанды көркем әдебиеттің сөздері ғана емес, қазақ жастарының рухани стимулының ұранына айналуы керек. Талаптары таудай, еңбектен қашпайтын, әрбір ісін ой елегінен өткізіп, барға қанағатпен, жоққа төзімділікпен қарайтын, түсінігі мол, рахымшыл қоғамға айналатын болсақ, еліміздің еңсесі биік, тұғыры төрде болары анық. Болашақ ұрпаққа ауыр жүкті арта бермей, өзгерісті алдымен өзіміздің санамыздан, одан кейін ісімізден бастау керек.

К.Әбдеш,

 Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.