Адам жаны ауыса ма?

Адам жаны бұл дүниені тастап кеткен соң, басқа сәбидің кеудесіне қонып, қайта жарық өмірге келетініне сенесіз бе? Ал мен сенемін. Осыған қатысты ғылымда тіркелген оқиғалар да емес. Мен солардың бірнешеуін баяндап берейін.
Қара теңіз жағалауындағы елдердің бірінде бір жас жұбайлар өмір сүріпті. Екеуі де әдемі, әрі бақуат отбасылардан шыққан, бір сөзбен, өмірде жолдары болған жандар екен. Отау құрып, бақытты өмірлері басталған соң, бір жылдан кейін отбасыларында көптен күткен алғашқы сәбилері де дүниеге келеді. Олардың бақытында шек жоқ еді. Бірақ…

Сәбилері бір жасқа келіп, бет-пішіні айқындала бастағанда жұбайлардың көңілдеріне кірбің түседі. Себебі, ол өте сүйкімсіз еді. Ерлі-зайыптының екеуі де ел қызығып қарайтын өте тартымды жандар болса керек. Ал қыздарының кімге тартып мұнша сұрықсыз болғанын түсіне алмай, олардың басы қатады. Күйеуі жанындай жақсы көрген әйелін «көзіме шөп салдың» деп айыптап, екеуінің арасына салқындық түсе бастайды.Өзінің кінәсіздігін айтып, шыр-пыр болған әйелі сүйіктісінің махаббатынан айырған сәбиін жек көріп кетеді. Ақыры екеуі ақылдаса келе бақытты өмірлерінің шырқын бұзған бейкүнә сәбиден құтылып тынуға бел байлайды. Сөйтіп, отбасыларымен теңіз жағасына демалуға барғанда, қыздарын ортаға алып, судың ортасына дейін жүзіп барады да, баланы… тұңғиыққа тастап жібереді…

Елдің бәрін «баладан қапыда айырылып қалдық» деп сендіріп, көз жастарын көлдеткен ерлі-зайыптының бұл «қайғысы» ұзаққа созылмайды. Көп өтпей өмірге тағы бір сәби келеді. Бұл жолы өте сүйкімді ұл бала туылады. Енді бақыттары еселене түскен ерлі-зайыптылар балалары 4 жасқа толғанда, тағы да теңіз жағасына барып демалуға жиналады. Бұл кезде баяғы болған оқиға естерінен шығып та кеткен еді. Тағы да балаларын ортаға алып, баяғы алғашқы сәбилері батып кеткен жерге дейін жүзіп барғандарында, кенет бала анасының мойнынан тас қылып құшақтап: «Өткен жолғыдай тағы да қолдарыңнан түсіріп алмаңдаршы», — деп жылап жіберген көрінеді.
***

1824 жылы бақуат тұратын жапон шаруасының 9 жасар баласы Катсугоро өзінің әпкесіне «бұрын басқа өмірі, басқа отбасы болғанын» айтады. Әке-шешесі қанша ұрысса да, ол осы сөзінен танбайды. Катсугороның «есін жиғызуға» дәрігерлер мен емшілер де, тіпті жергілікті полиция да қанша күш салғанымен, ол айтқанынан қайтпайды. Баланың өткен өмірінен қалған естеліктерін егжей-тегжейіне дейін әңгімелеп бергені сонша, ақыры әке-шешесі оның айтқандарын тексеріп көрмекке бел байлайды.

Ең алдымен, Катсугоро өткен өмірінде басқа бір шаруаның ұлы болғанын, Окинава аралындағы басқа бір қыстақта тұрғанын, кейін егде тартқан шағында қатты ауырып, 1810 жылы қайтыс болғанын айтқан еді. Бұған қоса дәрігерлер мен психологтарға өзі ешқашан көрмеген Окинава аралындағы «туған қыстағына» қатысты 50-ге жуық түрлі оқиғаларды әңгімелеп берген. Сондай-ақ, «өткен өміріндегі отбасының» тек өз мүшелеріне ғана белгілі құпияларды, отбасы мүшелерінің тек үй ішінде ғана бір-бірін еркелетіп атайтын лақап есімдерін, тіпті үй жануарларының атына дейін айтады. Бәрінен бұрын баланың өзін жерлеп жатқан сәттегі сезімдерін, өзі «ауада қалықтап жүріп» көргендері туралы естеліктері өте қызықты естіледі. Ол тіпті өзінің нақты өлген күні мен жерленген күнін де айтады.

Тергеушілер Катсугороның айтқандарының бәрін тексеріп, деректерді салыстырып көргенде, оның сөздерінің айна-қатесіз шындық екендігіне көз жеткізеді.

***

1926 жылы Үндістан астанасы Дели қаласында Шанти – Дэви есімді қыз дүниеге келеді. Шанти үш жасынан бастап өзінің өткен өмірі жайлы жиі айта бастайды. Өзінің айтуынша, ол 1902 жылы туылып, Мутта қаласында тұрған, ал есімі Дугли екен. Кадер Нат деген саудагер адамға тұрмысқа шығып, оған ұл туып берген. Бірақ, көп ұзамай өзі дүниеден өтіпті.

Бірақ, бұл сөздерге мән бермеген қыздың әке-шешесі Шантидің жасы 10-ға толғанда, Мутта қаласында Кадер Нат есімді адамның әлі де тұратынын кездейсоқ біліп қалады. Осыдан кейін ғана олар Шантиді алып, әлгі кісінің үйіне барады. Қыз күйеуін де, ұлын да бірден таниды. Сосын өлерінің алдында үйінің ішінде аздаған ақша тығып қойғанын айтады. Оның айтқан жерінен ақша табылмайды. Бірақ, Шанти айтқанынан қайтпайды. Ақыры Кадер Нат әйелі өлген соң жаңағы ақшаларды тауып алып, басқа жаққа жасырғанын есіне түсіреді…

Дайындаған Б.КЕМЕЛ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.