Адасқан ағымдардан абай болайық!

Кереғар ағымдар әрекетінің шындығында да қоғам үшін зиян-залалы көп. Сондықтан өңір жастарының жат ағымдар идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру керек. Әсіресе, теріс ағымдар таратып отырған ғаламтордағы ақпараттардың сандаған ғасырлар бойы дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен асыл дінімізбен мүлде сәйкеспейтінін, кереғар ұстанымдар, бұрыс көзқарастар тудыратынын өскелең ұрпақ санасына құя білу маңызды болып тұр. Теріс ағымның арбауына еріп, шын дін мен шатақ діннің аражігін ажырата алмай жүрген жастарымызды өз мүддесіне пайдалануына жол бермеуіміз керек-ақ. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» болатындығын да ұмытпай, бұл мәселеде дұрыс бағыт пен ақпаратты ҚМДБ-ға қарасты мешіттердегі білікті ұстаздардан ғана алу керектігін айта кетейік.

Бұл мақсатта өңірімізде жастармен кездесулер, түсіндіру жұмыстары да ұдайы өткізіліп тұрады. Ал олардың теріс насихатына қарсы күресте біз ұлттық құндылықтарымызды қарсы қойып, жас буынды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді жандандыра түссек, бұл жүйеміз біз күткен нәтижелі жемісін беретіні де сөзсіз.

Мұндай жемісті шаралардың қатарына Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округіне қарасты №47 орта мектебіде өткен аудандық ақпараттық-түсіндірме топтар мүшелеріне (АТТ) дін сала­сындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған семинар-кеңесті жатқызуға болады. Семинарды облыстық  «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Бектұрғанов өткізіп, семи­нар соңында «Қазақ ойшылдарының дәстүрлі діни танымды қалыптастырудағы рөлі» кітапшалары мен сертификаттар табысталса, Қарамұрт ауыл округі əкімінің аппаратында ауыл тұрғындарымен «Дін жəне қоғам» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуде де деструктивті ағымдарға қарсы күрес, терроризмнің алдын алу әңгіме өзегіне айналды. Кездесуді «Дін мəселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Ж.Битанов өткізіп, жиналыс соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, орталықтан шыққан кітапшаларды таратып берді.Сондай-ақ қалалық, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің білімі мен біліктілігін көтеру бағытындағы мұндай семинар-кеңес Түлкібас ауданында да ұйымдастырылды.

Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімінің маманы Т.Қадырбаев семинар-кеңестің күн тәртібімен таныстырған соң, дінтанушы А.Бектұрғанов байыпты баяндама оқып, терроризм туындататын қатерлерді арнайы дайындалған слайд арқылы түсіндіріп берді.

Семинар-кеңес нәтижесінде қатысушыларға Түркістан облысы дін істері басқармасының “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің директоры А.Ноғаевтың және “Шаттық -2013” қоғамдық бірлестігінің басшысы Р.Асылбековтың дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған семинар-кеңеске қатысқандығын растайтын сертификаты тапсырылды.

Сонымен қатар, Келес ауданы Абай ауылында Абай ауылы әкімі аппараты қызметкерлері еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саяса­тын, 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын түсіндіру мақсатында кездесу өткізіп, оған Түркістан облысы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» Сарыағаш ауданындағы мамандары Қ.Аширбаев, Б.Умаров, Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің, «Жастар ресурстық орталығының» теолог маманы Б.Асатуллаев қатысты.

ҚМДБ-ның орынбасары, бірінші наиб муфти, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы іс-сапармен Келес ауданына келген кезінде Келес ауданының әкімі А.Есбаевтың қабыл­дауында болып, дін саласындағы мәсе­лелерге тоқталып, олардың шешімін табу жолында бірлесіп жұмыс істеу керектігіне тоқталды. Өз кезегінде Ақментай Үсенұлы Наурызбай қажы Тағанұлының ауданға ат басын бұрып келгеніне ризашылығын білдіріп, халық игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

Сапар барысында наиб муфти Абай ауылындағы №13 колледж ұжымы және студенттермен кездесу өткізіп, жастар және жат ағым мәселесіне айрықша тоқаталды.

Міне, осынау шаралардан, ілкімді істерден біз өңірдегі экстремизм мен терроризмге қарсы әрекеттердің оң нәтижелерге иек артып келе жатқанын аңғарамыз. Жалпы айтқанда экстремизм мен жат ағымдар насихаты таралмауы үшін оған қарсы қоғам болып жұмыла күресуді жалғастыра беруге тиіспіз.

Бетті дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.