ӘДЕП КОДЕКСІ – ТӘРТІП ТҰҒЫРЫ

Елімізде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына орай бірқатар заңдар қабылданғаны баршамызға белгілі. Яғни, Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған бұл шаралар жүйені жандандыратын болады. Ең бастысы, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіре отырып, жемқорлықты азайтуға қол жеткізіледі.

Яғни біз, бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» мемлекеттік қызметшінің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысын реттейді. Мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында елге қызмет етумен қатар, белгіленген әдептілік нормаларын сақтай отырып, тек қызмет барысында ғана емес, барша азаматқа үлгі болуы арқылы мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға үлес қосуы керек.

Аталған заң аясында мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысында адал, әділ, қарапайым болуға, моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, қабылдайтын шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, мінез-құлқымен қоғамдық сынға себепкер болмауға, жұмыс уақытын тиімді пайдалануға жеке мәселелерінде қызметін пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндеттелсе, жұмыстан тыс уақытта масаң күйде болмауға, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тыйым салынған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі басшылар өзінің мінез-құлқымен бейтараптық танытып, еңбекті, денсаулықты қорғауға, қызметшілердің тиімді қызмет етуі үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітпеуге, негізсіз айыптауларға, дөрекілік, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс. Кодексте, сонымен қатар, «Әдеп жөніндегі уәкіл» туралы да ереже бекітілген. Аталған уәкіл кодексте көрсетілген заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті және оның орындалуын бақылайды.

Мадхан Аянбек, 

Арыс аудандық сотының аға сот приставы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.