АНА ТІЛІМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Ана тілі –тәуелсіздігіміздің  тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы. Өз тілінің қадір-қасиетін түйсінген халықтың ғана болашағы жарқын. Өйткені тіл – халықтың жаны. Ұлттық болмысымызды сақтауда да тілдің маңызы бөлек. Демек ұлтты ұлы мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі десек қателсепейміз.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Өйткені тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз тәуелсіздік  тұғырлы  болмақ емес. Өйткені ол бірлік пен ынтымақтың басты темірқазығы.

Еліміз  егемендік алғалы да ширек ғасырға таяу уақыт өтті. Қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алды. Бұл тұста Елбасымыздың да «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», -деп алдымызға айқын жол ашып бергені белгілі. Демек бұл мақсатты жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді аямай, батыл қадамдарға барғанымыз жөн.

Қазақ жастары қазақ тілінің мәртебесін асыруға бел шеше кіріссе, алынбайтын асу болмас. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты да жүйелі жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар да баяндылық табуда. Нәтижелері де көңіл көншітеді. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай бодандық құрсауында болды. Ендеше ана тілін ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді дәріптейтін күнге жеттік. «Сабақты ине сәтімен» дегенді де дана халқымыз бекерге айтпаған.

Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл.  Сол арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті де өз халқын, өзінің атамекенін  сүюімен, өз ана тілін құрметтеумен өлшенеді десек, тілді тұғырына қондырудың маңызды екенін түйсіне түсеміз. Тілге деген құрметіміз де  Отанға деген құрметпен астасып жатыр. Ана тілін танумен адам өз халқының өткеніне де ойлы көзбен қарап, болашағына да сенім арта алады. Осыны қазақ жастары түсінуі керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», -деп Қадыр ақын айтқандай, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақ сүбелі үлес қосқанда ғана бабалар аманатына адалдығымызды сақтай аламыз.

М.БАЛЫКБАЕВА,

ИЧ-167/3 мекемесінің психолог маманы.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.