АҢҚАУ ЕЛГЕ – АРАМЗА МОЛДА

Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Талайды тақырға отырғызған алаяқтардан абайламаса болмайды.

Қазір елімізде күн сайын бір жаға ұстатарлық жағдай бой көтеріп, шу шығармаса бас ауыратын жағдайға жеттік. Талай тартыс болып жатыр. Қайсыбірін айта берейік. Бірақ, мынау енді айтқызбасқа қоймайтын шынымен де шыжық оқиға. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілерде Қостанай облысының тумасы Мадина Айданның Кореядағы емханада қайтыс болған қызының денесін елге алып келу үшін қаражат жетпей жатқанын жеткізген хабарламалар тараған-ды. Мадина Айдан өзінің қайғылы оқиғасын жергілікті порталмен бөлісті. Ол кішкентай қызы Инабаттың онкологиялық ауруға шалдыққанын айтқан. Оны Оңтүстік Кореяға өз қаражатына апарғанын, алайда емдеу кешіктіріліп, қыз клиникада қайтыс болғанын жеткізіп көмек сұраған. Артынша қыздың денесін алу үшін клиниканың ақшасын беру керек деп өтірік айтқан. Ел болып, келіншекке көмектесуді ұйғарған азаматтар да табылған еді. Жанашыр жұрт тез арада қаржы жинап, көмек қолын созды. Әйтсе де көпшіліктің жүрегін ауыртып, баласының денесін туған топыраққа әкеліп, жер қойнына беруді місе тұтқан «кейуана» бетперде киген алаяқ болып шыға келді. Әйелдің бұл әрекеті оңай ақша табудың амалы екен.

Елімізде алаяқтықтың тамыры түрліше тарауда. Қазір блогерлердің заманы екені белгілі ақ. Ал сол блогерсымақтар қарапайым халыққа үнемі дұрыс дүниені ұсына ала ма? Мәселен, олар әлеуметтік желіде жаппай белсенділік көрсетіп, оңай ақша табудың жолын ұсынады. Тіпті өзінің де осы жұмыс арқылы қыруар қаржыға көмілгенін алға тартады. «Табыс табасың», «Үйде отырып ақша тап!», «Ұтыс ұтып ал!», «Ақша сал да еселеп қайтар!» жарнамасы жер жаратын осындай ұрандарды естіген құлақ елең етпей қоймайды. Өйткені бәрі табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді ойлайды. Бірақ қайдам… Онлайн ойындарға да шақырады. «Бар болғаны 3000 теңге салып, 100 000 теңге ұтып ал!» дегенді айтудан жалықпайды. Ай- далада жатқан құйрық, бұл не деген батпан құйрық дерсің? Блогерлерге құдайындай сыйынатын аңқау халық тағы да алданып қала береді.

Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 22 миллиард теңгеден көп ақша салған. Және бұл тек анықталғаны ғана. Қаншама адам алаяқтарға алданғанын айғақтағысы келмей, арызданбайды, қолын бір-ақ сілтейді. Үлкен бөлігі арамзалардың шылауында жүргенін әлі күнге түсінбей, сол бойы сенумен жүр

Еңбек етпей тапқан ақшаның қадірі де жоқ. Ақша энергияны жақсы көреді дейді психологтар (нумеролог, чакролог тағы осындай қаптап жатқан ғылымдар) қауымы. Демек, адал ақша маңдай тер мен еңбекке жұмсаған энергияңыз арқылы ғана келеді. Осы тұста келіспеске амал жоқ. Ал әлгі батпан құйрықтардың барлығы әурешілік.

      Ұ.Өскен.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.