Ауыл шаруашылығы – ауданның биiк белесi

Еңбекқор сарыағаштықтардың диқаншылық кәсіби шеберлігінің жоғары деңгейден көрінетіндігі сан ғасырлардан бері өңірге ғана емес, алыс-жақын көрші елдерге дейін белгілі. Құркелестіктер диқаншылықпен ғана шектеліп қалмай, мал шаруашылығын дамытуда да ерен жетістіктерге жеткен алтын қолдың иелері.

Олардың 2017 жылда өндірген өнімдері 98,1 млрд. теңгені құраған болса, оны биыл 108 млрд. теңгеге жеткізуді межелеп, сала жұмысына соны серпін беріп отырғаны, олардың биік белесті бағындыратынын дәлелдей түсіпті.

Биылғы жылы ауданда 84,9 мың гектар егістік жерлер игеріліп, жыл соңына дейін оған қосымша суармалы егістік жер көлемін 800 гектарға ұлғайту межеленіп, қазір оның өзін де толық жүзеге асыруға санаулы уақыт ғана қалған сыңайлы.

Сарыағаштықтардың жылыжай салудың жалпы көлемін биылғы жылдың басында 696 гектарға жеткізіп, облыстағы үлесін 50 пайыздан асырып, ал республикадағы үлесі 45 пайызды құрағанын еңбек адамдарының өлшеусіз еңбегі деп айтуға болады. Табан ақы, маңдай термен несібе теруге дағдыланған сарыағаштықтар жыл соңына дейін тағы да қосымша 32,3 гектарды игеруді межелесе, бүгінде оның толық игеруге жетіп қалғанын көруге болады.

Егін шаруашылығын дамытуда тамшылатып суару әдісінің тиімділігін іс жүзінде көрген аудан диқандары оның көлемін 6452 гектарға жеткізіп, көш басында келе жатса, биылғы 2018 жылдың өзінде жаңадан 700 гектарға өндірістің жаңашылдығын енгізуге қолдарын жеткізіпті.

Аудан биылғы жылы қарқынды бау егуді көбейтуге басты назар аударып, жылдың алғашқы айларында нақты 5 га жеміс бауын, 35 гектарға жүзім және 10 га жерге жаңғақ егуді игерген болса, оның көлемін ұлғайтуда жыл соңына дейін тағы да қосымша 75 га жеміс бауын, 15 гектарға жүзім, ал 190 га жерге жаңғақ бауын егуді межелеп қана қоймай, оны баянды етуді қарқынды қолға алыпты.

Жер-Ананың қадірін білетін еңбекқор жандардың уақытпен санаспай атқаратын ерен еңбектерінің арқасында олардың алдыңғы жылғы өндірген өнімдері 82,4 млрд. теңгеден өткен жылы 98,1 млрд. теңгеге дейін көтерілсе, биылғы жылды олардың толайым табыспен аяқталуына толық мүмкіндік туғызуда.

Құркелестің бойын жайлаған жұртшылық өңір тынысының еңбекпен түрленетінін іс жүзінде көрсетіп келе жатқаны тарих бетіне ізін қалдырумен келеді. Арғы жағын айтпағанда, кешегі кеңестік дәуірдің өзінде мал шаруашылығын өркендетудің өнегесін көрсете білді.

Ұжымдық шаруашылық құрудың өзі осы ауданнан бастау алып, кейін КСРО-ға танымал болған шаруашылықтың өзі мал басын осы ауданның қозы-лағын өсіруден бастағаны баршаға аян. Ауданда асыл тұқымды биязы жүнді қой өсіруге өлшеусіз үлес қосып, атағы әлемге әйгіленген «Бірлік» кеңшары бүгінге дейін сабақтастықты сақтап, мал өсіруді дамытуда көш басында келе жатқаны соның айқын айғағы болса керек.

Бүгінде елімізде мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өміршең етуде Сарыағашта үлгі-өнеге етерлік игі істердің атқарылып жатқанын жоққа шығара алмаспыз. Биылғы жылдың өзінде ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2600 бас, ал жалпы алғанда 9200 бас сиыр сатып алынған. Ауданда мемлекеттік бағдарлама аясында соңғы үш жылда «Алтын асық» бойынша 45900 бас ұсақ мал сатып алынған. Биылғы 2018 жылдың өзінде осы бағдарлама бойынша 1800 бас ұсақ мал сатып алынып отыр.

Ауданда «Құлан» бағдарламасы бойынша 1800 бас бие сатып алынған болса, биылғы жылдың өзінде 215 бас жылқы сатып алынған. Тұрмысты жөндеуде дүниенің қалай құралатынын да, қадірін де білетін сарыағаштықтар бағдарлама аясында жұмыс істеуді тұрақты жалғастыратыны анық-ақ. Осы мерзім ішінде ауданда 186 шағын мал бордақылау алаңдары құрылып, 30 отбасылық сүт аулалары тұрақты жұмыс істеуге көшкен.

Ауданда биыл 47 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылса, биылғы жылдың соңына дейін қосымша тағы да 67 жаңа техника алу қарастырылса, халықтың оны алатындығына шүбә келтіре алмайсың.

 

 Жалғасы бар.

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.