Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты: … масқараның көкесі сонда болады
Министрліктің ауылшаруашылық саласындағы өндірушілер алдындағы борышы бар. 37 миллиард теңге көлемінде қарыз әлі өтелмеген. Бұл ауылдағы кәсіппен айналысып отырған жұрттың субсидиясының ақшасы. Қолдан жасалған сылтаумен министрлік оны қайтадан бюджетке енгізбеді.
Иә, «лохотронның» нақ өзі. Бізге осыдан бірнеше жыл бұрын жаңағы бағдарламаны бекіткенде бәрі дұрыс болады деген. Енді жеме-жемге келгенде оны қайта қарау керек дейді.
Бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген, тіпті мыңдаған шаруалар мемлекетке сенім артып, бар ақшаларын салып, несие алғанда – не себепті мемлекеттік органдар ұйқыдан енді оянғандай бас тартып отыр? Қалай болса да мемлекет өзіне алған жауапкершілікті енді орындауы керек деп санаймын.
Ауыл-аймақтарда шағын кәсіп бастап жатқан ағайынға қолдау керек. Бұл жаңағы жұмыссыздықты жоятын қадамдардың бірі. Жұмыссыздықпен күреске қазір қанша қыруар қаржы бағытталып жатыр. Ал сол шығындардың нәтижесі қалай болды? Соның есебі бар ма? Шын есебі жария болса, масқараның көкесі сонда болады.
Abai.kz