МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ТАРИХЫМЫЗДЫҢ БҮТІНДІГІН САҚТАУ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында өзінің сипаты жағынан рухани және тарихи тұрғыда астарлы сабақтастық тапқан басқосу ретінде ерекше әсер қалдырды. Бұл жиынның Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келуі және оның Жайық жағасында өткені осы сабақтастықтың тамырын танытады.

Ұлысымыздың, кейіннен қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған әйгілі Сарайшық қаласы үшінші құрылтай өткен Атыраудан алыс емес. Президент Қасым Жомарт Тоқаев Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен Сарайшық қаласының бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарғанын атап өтті. Өйткені бұл шаһар Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандығы тарихтан мәлім.

«Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық –төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деді Мемлекет басшысы.

Алқалы жиынның осынау тарихи орда маңында өтуі елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, Ұлы ұлыс болуды көксеген хандарымыз бен билеріміздің арман-мақсатын бүгінгі зиялы қауым әрі қарай жалғастырып, оны өздерінің басты мұраты етуі керек деген пікірге саяды. Бұл ойды Президент өз сөзінде нақты айтты.

«Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Одар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде мұның бәрі – біздің тарихымыз» деген Президенттің сөзінде елдігімізді сақтауға, тарихымызды танып, оны өткен дәуірдің танымдық энциклопедиясы ретінде қарастыруға шақырған салиқалы да салмақты ой жатыр.

Бұл үшінші құрылтайда айтылған маңызды һәм түйінді тұжырымның бірі. Бұл – елдігіміз бен бірлігімізді, мемлекетіміздің тұтастығы мен тарихымыздың бүтіндігін сақтауды басты құндылық деп таныған татымды тағылым.

Шойбек ОРЫНБАЙ, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.