БАЛА БОЛАШАҒЫН БАЛТАЛАЙТЫНДАР ҚАШАНҒЫ АЯҒЫН АЛШАҢ БАСАДЫ?

Тағы да педофилия. Тағы да Сәтбаевта. Тағы да 24 шілде күні. 3 жыл бұрын 50 жастағы азаматтың 5 жасар қызды зорлағаны Сәтбаев жұртын шошындырған еді. Араға үш жыл салып оқиға қайталанғанын айтып Сәтбаев тұрғындары дабыл қақты.

5 жасар қыздың өмірі бір сәтте тас-талқан болды. Бүтін бір елдің берекесі қашты, тыныштығы бұзылды. Аналар балалары үшін уайымға батты. Әкелер ашуға булықты. Қоғам дүр сілкінді. Құрбандар көбейді, ал жаза қандай?

Жаға ұстатарлық жағдайларды санамалап отырып, адам айтса нанғысыз статистикаға тап боласың. Қазақстан Республикасының заңды мәліметіне сүйенсек, 2016-2019 жылдар аралығындағы жасөспірімді сексуалдық зорлыққа тарту фактілерінің аяғы педофилге 2 жыл, 4 жыл, 5 жыл берумен, ал оны арты педофилдің түрмеден қашып кетуімен аяқталған. Былтыр шілде айында Шымкентте 40 жастағы педофилге қатысты сот үкімі шықты. Оның нағыз қаныпезер екенін арнаулы психиатриялық сараптама анықтап, 17 жылға бас бостандығынан айырып, мәжбүрлі түрде химиялық кастрация жасауға кесті. Таңқаларлығы сол, бұл қанішер осыдан 16 жыл бұрын дәп осындай қылмысы үшін 10 жылға сотталып, 2008 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан екен. Тіпті, сол аралықта үйленіп, бала сүйіп те үлгерген. Тағы бір оқиға, 2018 жылы кәмелетке жасы толмаған сәбиді зорлағаны үшін сотталған Төле би ауданы тұрғынын әуелі химиялық кастрация жасауға үкім шығарады да, 2 айдан кейін ол үкімнің күшін жояды. Себеп: қылмыскер бала зорлап сотталған кезінде 1997 жылғы ескі кодекс бойынша айыпталған, ал кастрация туралы заң 2018 жылы ғана күшіне еніпті. Ақыр аяғында, 2008 жылы 10 жылға сотталған педофил «өзіне кесілген уақытты толық өтеп шыққан» дейді де, босатып қоя береді. Қазір ол Шымкентте тұрады…

Бұл нені көрсетеді? Азғындардың алыста емес, жанымызда, келесі көшеде немесе келесі пәтерде жүргенін білдіреді. Құзырлы органдардың әділдігіне күмән келтіреді. Заңның да тым осалдығын дәлелдейді. Біздегі педофилиямен күресті күрес деп атауға келмейтін сияқты. Барлығы тек қағаз жүзінде. Күлкілі цифрлар. Қылмыстың түрі ауырлаған сайын, тұмшаланып, жасырылады да, әншейін жеңіл-желпі қателіктерді «қылмыс» ретінде көрсетіп, жазалап жатады. Бәрі керісінше жүреді. Сырт көзге, әрине, бұл дамыған қоғам секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, мұның бәрі не үшін, кімге ыңғайлап жасалған жағдай?

Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған өз Жолдауында педофилияға қатысты заңды қатаңдандыру керектігін шегелеп тұрып тапсырған. Ал одан нәтиже қайсы? Азғындық ауыздықталды ма? Жоқ. Аяғын алшаң басуын тоқтатар емес.

Сәтбаев тұрғындары бас көртерді. Олардың жүрегіндегі ашу- ызаны жанымызбен түсіндік. Халық аталған көрсеткіштерден кейін билікке сенбейді. Ал «еститін мемлекеттің» сиқы осы.

Даладағы әжетхананы мектеп ішіне көшірумен мәселе шешіле ме? Ата-ананың уайым-қасіреті мен баланың санасына түскен жара, психологиялық соққы жазыла ма? Тағдыр күйреді ғой. Көгіміз солып, тұнығымыз лайланды ғой. Көңіліміз шытынап, сағымыз сынып, жігеріміз құм болды ғой.

Бұл дерт. Осы педофилияның шығуын зерттеген бізде бірде-бір психолог, ғалым жоқ. “Педофил” деген тексіздік аурудың төркіні зинадан туған некесіздер болды ма екен деген ойға қаламын. Арамнан туған арамза болуы бек мүмкін. Түрмеден санын білмеймін, көптеген қылмыскерлер бостандыққа шықты. Олардың ішінде сондай айуандардың болуы да мүмкін…

Елімізде осындай азғындар «өлім жазасына» тартылуы керек. Халық та осы үшін ашынады. Қатаң жаза ғана азғындықты ауыздықтай алады. Балаларымыздың бақытты болашағы үшін дұрыс шешім қабылдай білейік!

Ұ.Өскен.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.