Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын: Тағдыр күйреді ғой, тұнығымыз лайланды ғой

Президент өз қызметіне кіріскеннен-ақ педофилияға қатысты жазаны қатайтуды тапсырған болатын. Біздің “халық қалаулылары” осы мәселе бойынша заңға өзгеріс енгізуді қашан қолға алар екен?

Сабақ уақытында, мектеп ауласында ұл-қыздарымызға зорлық жасалып жатуы не деген масқара?

Мектеп директоры, мұғалім, тағы бірнеше адамның жұмыстан шығып, сөгіс алып, тағы басқа жазаға тартылуымен немесе даладағы дәретхананы мектеп ішіне көшірумен мәселе шешіле ме? Ата-ананың уайым-қасіреті мен баланың санасына түскен жара, психологиялық соққы жазыла ма? Тағдыр күйреді ғой. Көгіміз солып, тұнығымыз лайланды ғой. Көңіліміз шытынап, сағымыз сынып, жігеріміз құм болды ғой.

Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған (ұрып-соғу, құлдыққа жегу, зорлық-зомбылық жасау, өлтіру т.б.) қылмыскерлерге жазаны күшейтуді, өмірлік бас бостандығынан айыруды өлім жазасына ауыстыруды қарастырыңыздар.

Кім кінәлі? Бізге салса үзілісте көпшілікпен бірге бармай, сабақ уақытында сұранып әжетханаға жалғыз барған қыздың өзін кінәлі қылуымыз мүмкін. Ақиқатында бәріміз кінәліміз. Қылмыс қандай қоғамда орын алады? Төресі әділетсіз, қарашасы имансыз, заңы әлсіз, биі парақор, сақшысы жігерсіз, әйелдері арсыз, еркегі намыссыз елде орын алады.

sn.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.