БӘРІНЕН ДЕ «ШОШҚА БАҚҚАН» ОЗАРДЫҢ КЕРІ КЕЛДІ

Ойтүрткі

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танау» атты әңгімесінде Қасен молданың баласы Әлкен дегеннің мазағына жазылған өлең бар. 1933 жылдың басында «Жаңа жол» колхозына сары атанға артып, тоғыз торайы бар екі шошқа әкеледі. Алғашында жатырқап, жатсынып, үрке қараған қазақтар бір жылда шошқа санын отыздан асырып жібереді. Тіпті бірі ащы әзілдеп “бесінші түлігіміз” десе, екіншісі сол сөзді шын көріп, мал қатарына жатқызғанын автор әңгімесінде әдемі өрбіткен.

Араға бір ғасырдай уақыт салып осы оқиғаның айна-қатесіз қайталанатын сыңайы бар. Бұған ауыл шаруашылығы министрлігінің жылқы мен шошқа субсидиясына қатысты мәлімет беруі себеп болды. Қазақ адал ас деп білмейтін шошқаның әр басына мемлекет жүз мыңдап субсидия бөлмек. Есесіне, шошқа баққанның жағдайы жақсарып, қалтасы қампаятын көрінеді. Ықылым заманнан-ақ киесі мен қасиеті бөлек деп білетін жылқы жануарына келгенде пейілі тарыла қапты. Ал ұсақ мал саналатын қойлардың жем-шөбіне деп жылына 4000 теңге-ақ бөледі. Ал жылына 1 шошқа сатып алсаңыз, мемлекет сізге қайтарымсыз 140 000 тг. береді, бұл доңыздың жем-шөбінің өзіне 40 000 тг. үлестіреді екен.

Естеріңізде болса, депутат Б.Дүйсембинов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын сынға алған. Сондағы дерек: Әлгі құжатта – асыл тұқымды шошқа сатып алуды субсидиялауды 16,5 миллион теңгеден 315 миллион теңгеге дейін көбейткені, ал асыл тұқымды жылқы сатып алуды субсидиялауды 387 миллион теңгеден 126 миллион теңгеге дейін азайтқаны айтылған еді. «Бұл қалай? Бұл кімге қарсы жасалған шара? Ауылдағы қарапайым халыққа ма? Жеріміздің 70 пайызы жайылымды жерлер бола тұра, халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны шыр айналып шыға алмай жүрміз. Мүмкін бұл саланы да қолдау керек шығар.  Бірақ атадан қалған кәсіпті – дәстүрлі мал шаруашылығын одан кем қоймауымыз керек қой.  Қашаннан бері қазақтың дастарханы үшін шошқа қазы-қарта, жал-жаядан артық болып еді?.. Төрт түлік малды бағудан, өсіруден қазақтан асқан маман жоқ», — деген еді депутат Б.Дүйсембинов.

Моңғолия жылқы мен қойдың санын көбейтіп-ақ экономикасын дамытып отыр. Біздегі жылқы, қой, сиыр шаруашылығы дамып кетсе, түсінер едік. Идеологиялық тұрғыдан да, қазақтың таным-түсінігі тұрғысынан да қисынға келмейді. Өз анасына шабатын қасиетсіз жануардың бабаларымыздан қалған жерде жайылып, көбеюі қаншалықты дұрыс? Бұл бізді ұлттық құндылықтарымыздан ажыратудың бір жолы емес пе? Қазақстанда әр балаға 10500 тг берілетін болса, тексіз торай баласының адам баласынан артық болғаны ма?

Қазақ базарын көрші елдерден келген ет өнімінің жаулауы ұлттық бол­мы­сымызға мүлде жат әрекет. Мысалы, Қазақ­стан тұрғындарының жетпіс пайыздан астамы – мұсыл­мандар. Сонда сырттан үйіп-төгіп әкелген шошқа етін кімге сатпақ?! Ал, біздің елдің жылда сояр соғымы сол талпақ танау­лар ішкен судан ішіп, сол шөпке оттап жүр емес пе? Сонда біздің мұсылмандығымыз қай­да қалды? Малымыз «аралас», қойымыз «қоралас» болмақ па?

Кезінде Ақан серінің астындағы аты шошқа қоныстанған қорадан безген. Ал қазақтың тұрмыс-тіршілігіне шошқа шаруашылығын серік етуі – сорақылық! «Малым – жанымның садағасы, Жаным –арымның садағасы» дейтін елдің өзі баққан торайға ұқсап кетпеуіне кім кепіл? Сонымен, Сапархан Омарханның субсидиясының сиқы осы. Қазақ «Мал баққан озар» деуші еді. Министрлік «Шошқа баққан озар» депті, әне.

Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?

Ұ.Өскен.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.