Барлау бөлімшелерінде жауынгерлік оқ ату пысықталды

Шымкент гарнизоны механикаландырылған бригадасының барлау бөлімшелері жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында шынайы ұрыс жағдайына келтірілген жауынгерлік оқ ату тапсырмаларын орындады. 

 

Дайындықтың бұл түрі бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігі мен атыс дағдысының соңғы кезеңі саналатын тактикалық даярлықты оқытудың жоғары сатысы. Жауынгерлік атыстар барысында бөлімше командирлерінің ұрысты сауатты басқаруына, қойылған міндеттерді орындау кезіндегі бөлімшенің тактикалық дұрыс іс-қимылына, ұрыста қаруды тиімді қолдануға, сондай-ақ мамандардың бірлескен іс-қимылдар жүргізудегі біліктері мен дағдыларына баса назар аударылды.

Жаттығулардың аясында барлаушылар бөлімшелер мен топтардың шолғын жасау, кенеттен жасалған шабуылға тап болғанда топ құрамын отпен қамтамасыз ету, сондай-ақ іздестіру жұмыстарын жүргізу сияқты тапсырмаларын тәжірибе жүзінде пысықтады.

– Жауынгерлік атыстар кезінде әскери қызметшілер білімдері мен дағдыларын жаңаша зерделеп, жетілдіре түседі, – дейді барлау ротасының командирі аға лейтенант Шералы Әлиев. – Теориялық тұрғыда алған білімдерін іс жүзінде көрсетеді. Ал, командирлер құрамы жауынгерлік атыстар мен бөлімшелердің ұрыстағы іс-қимылын басқаруға қажетті тәжірибе алады.

Жауынгерлік атыстардың сапалы өткізілуі үшін атыс алаңдары мен оқу-материалдық базалары толықтай жарақтандырылды. Шартты қарсылас имитациялық құралдармен белгіленіп, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Жауынгерлік атыстың қорытындысы бойынша барлау бөлімшелерінің тактикалық іс-әрекеттеріне жоғары баға берілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.