Барлық адасушылық дiни сауатсыздықтан туындайды
Ислам діні –халқымыздың ертеден ұстанған салт-дәстүрімен кіріге байланысып кеткен асыл дін. Сондықтан да имандылық жолын нұсқаған ислам діні ұлтымыздың өзегіне айналды. Сол себепті де қоғамда «Дінім – дəстүрім, салтым–санам» деп білетін, дінін жоғалтып алмай, керісінше, оны жат арбауынан қорғайтын діни сауаты толысқан саналы азаматтар қатарын көбейту мәселесі өзекті деп айтуға толық негіз бар.
Еліміз егемендік алғалы бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта жемісті жұмыс атқарып келеді. Діннің тұрақты дамуына да мемлекет тарпынан жан-жақты қамқорлық жасалып отыр. Бір өкініштісі, бүгінде кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетіп қалған азаматтарымыз жастарымыздың санасын улап, жат ұғым, теріс насихатты таратуға әрекеттеніп келеді. Дəл қазіргі таңда конфессияаралық келісімді сақтап, тұрақтылықтың туын желбіретіп отырған, ырыс пен бақты ынтымақтан тапқан елімізде мұндай теріс ниеттілерге қарсы тегеурінді қарсылық, қажырлы күрес керек-ақ. Себебі, Отаны бір адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшуы үшін береке, бірлік, діни тұрақтылық аса қажет. Өйткені қоғамдағы бүгінгі ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастар конфессияаралық келісімнің жемісі.
Өңірімізде өтіп жатқан діни экстремизм мен терроризмге қарсы түрлі шараларда да бұл мәселе кеңірек талданып, күллі адасушылықтың діни сауатсыздықтан бастау алатыны баса айтылуда. Осындай тағылымды шаралардың бірі жуырда Созақ ауданында сәтті өтті. Қыземшек кенті Л.Бөкенов атындағы мектеп оқушыларымен «Ғаламтордағы жалған діни ақпараттардан сақтанайық» тақырыбында өткен кездесуде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиында оқушыларға əлеуметтік желідегі теріс діни бағыттағы топтардан сақтану шаралары түсіндіріліп, діндер, ислам мазхабтары тарихы, зайырлылық жəне ғаламтордағы теріс насихат жөнінде түсініктер берілді.
Ал Жуантөбе ауылдық округі əкімшілігі залында əкімшілік қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен өткен «Теріс діни ағым өкілдерінен сақтану» атты кездесуге Жуантөбе ауылдық округі əкімі Д.Абраев қатысты. Ауыл тұрғындарына дінтанушы мамандар әсіресе, деструктивті салафизм ағымын ұстанушылар тарапынан орын алып жатқан өрескел әрекеттерге, қауіпті ұстанымға кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ олар еліміздің «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңына да біршама тоқталып, жастарды ғаламтордағы теріс діни ақпараттық насихаттан бойларын аулақ ұстауға шақырды. Өз кезегінде ауыл әкімі Д.Абраев деструктивті ағымның радикалды фанатизмге негізделгенін атап көрсетіп, жат діни ағымдардың өз діни түсініктерін біздің тарихи дәстүрлеріміз бен мәдениетімізден жоғары қоятынын ақтарыла айтты. Олардың тек шариғатқа, бағзы діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейтіні теріс идеологияларының да ұлттық дәстүріміз бен болмысымызға мүлде қайшы келетіні әңгіме өзегіне айналды.
Қорыта айтқанда, жиын соңында қатысушылар деструктивті діни идеологияның алдын алуда барша азаматтар үлестерін қосуы қажет деген байламға тоқтады. Себебі елдегі тұрақтылықты сақтап қалу бүгінге ғана қажет емес, ол болашағымыздың қамсыз, келешегіміздің кемел болуы үшін де маңызды. Сол себепті де теріс діни ағымды ұстанушылардың ел ішіне іріткі салатын істерінің алдын алу керек. Ал оған бүтін бір қоғам болып қарсы тұрғанда ғана қол жеткізе алатынымыз айқын.
Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.
«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.