БАСШЫЛАР ШАРДАРАДА КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

 «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес, Шардара ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдауды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, сонымен қатар облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты өкілдері қатысып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Жалпы көшпелі қоғамдық қабылдауда 13 адамның өтініші тыңдалды. Атап айтқанда, қаладағы мөлтекаудан билері – Есенбек Қаханов пен Есенгелді Сариевтер Ақбала шағынауданындағы М.Сапарбаев көшесіне аяқжол салу, Ж.Жабаев атындағы бастауыш мектеп алдына жасанды жол кедергісін салу жөнінде тұрғындар атынан өтініш айтты. Оларға жауапты басшылар аяқжол салуға металық құжаттар жасалғанын, биыл жұмыс басталатынын жеткізді. Ал Ж.Жабаев атындағы мектептің алдына жасанды жол кедергісі 15 тамызға дейін салынатын болды.

Қала тұрғындары – Ибрагим Бектұрсынов пен Қасымбек Сәдуов көшелерге суағар салу, жарықтандыру мәселелерін жеткізді. Осы салаға жауапты басшылар Наурыз көшесіндегі суағардың құрылысына қаржы қаралып,  жыл соңына дейін құрылысы аяқталатыны жөнінде уәде берді. Сонымен бірге Шардара қаласы Құршан көшесіне жарықшамдар орнату мәселесі де шешіледі. Сметалық құжаттары дайындалып, қаржы қаралған. 2-3 айда 2.2 шақырым көшеге жарық бағаналары қойылмақ.  

Мал шаруашылығымен айналысқысы келетін Қуаныш Тұрғанбай жайылымдық жер іздестіріп жүргенін жеткізсе, Л.Орынбаева мен А.Серікбаевалар атаулы әлеуметтік көмек алу жайлы кеңестер сұрады. Сонымен қатар, Салтанат Қадырова М.Горький атындағы жалпы орта мектептің жанынан қосымша ғимарат салынбаса, келешекте үш ауысымды мектепке айналып кететінін, Мейіржан Әлиев қашықтықтан оқыту барысында оқушыларға берілген компьютер, планшеттердің мектепке қайтарылғанын, оларды мұғалімнің пайдалануына болатын-болмайтынын сұрады. Мекемтас Сабырдин мен Ермек Рахматулла ауылдық елді мекендерде заман талабына сай спорт кешендерін салса, желкенді қайық спортын дамыту мақсатында жұмыстар атқарылса, деген өтініштерін білдірді. Тұрғындардың сұрақтарына тиісті кеңес, жауаптар беріліп, хаттамаға енгізілді.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев барлық сұрақтар мен мәселелер партиялық бақылауға алынатынын айтып, тиісті басшыларға ұсыныстарын жеткізді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.