БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ: КЕЛЕСТІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ СУҒА КЕТКЕН ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы бойынша карантиндік режим енгізілген болатын. Карантин режимін сақтау бойынша Келес ауданында бақылау бекеттері орнатылып, соның Абай – Біртілек ауылдарының арасындағы бекет маңындағы «Ошақты» каналында 21 сәуірде кешкі сағат 18:00 шамасында оқыс оқиға орын алған.
Яғни 19 жас шамасындағы қыз бала өзін суға тастап жіберген. Сол мезетте Келес аудандық әкімдігінің жетекші маманы Бексұлтан Арапбай қыздың суға түсіп кеткенін байқап қалады. Дереу шешім қабылдаған Бексұлтан суға секіріп, ағыспен ағып бара жатқан қызды ажал аузынан аман алып қалады.
«Бір Алла сақтады, себебі мен ол қызды құтқармақ болып суға секіріп барғанда, қыз талып канал табанына кетіп бара жатқан еді. Дер кезінде судан шығарып, алғашқы көмек көрсеттік» -дейді Бексұлтан Ғабиддинұлы.
Кейіннен мәлім болғандай, суға түскен қыз баланың эпилепсия ауруымен ауыратыны анықталған. Ол өзін жайсыз сезініп, суға секіріп кеткен. Адамдардың қауіпсіздігін сақтауда бақылау жасаған Бексұлтан Арапбай осылайша жас қыздың өмірін сақтап қалды.
Арапбай Бексұлтан Ғабиддинұлы бүгінде Келес ауданы Абай ауылы әкімдігінде жетекші маман болып қызмет етеді. Отбасында үйдің үлкені, анасы және артынан ерген 2 қарындасы, 1 інісі бар. Әкесі жас кезінде жол оқиғасынан қайтыс болыпты.
Осылайша өз өмірін қаупке тігіп, өрімдей қызды ажалдан арашалап қалған азаматқа бойжеткеннің атан-анасы мен ағайын-туыстары алғыс білдіріп, ақ батасын беруде.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.