Белгісіз құбыжық, өлім алқабы және елестер
Якутия Республикасы әртүрлі тылсым құбылыстарымен танымал. Мұндағы түсініксіз жағдайлар туралы әңгімелердің айтылып келе жатқанына аз болмаған. Кейбірі ойдан шығарылған, ал кейбірін жоққа шығару әлі күнге мүмкін болмай келеді. Солардың ішінде ең көп таралғаны – белгісіз құбыжықтар мен елестер туралы әңгімелер.
Лабынкыр көліндегі құбыжық
Лабынкыр көлінің қысы-жазы жылымайтын салқын суын мекендейтін белгісіз тіршілік иесі туралы аңыз бүгінде жергілікті тұрғындардан асып, шетелдік ғалымдардың да назарын аударып отыр. Бұл жерге сол құбыжықты іздеуге келген экспедицияларда да сан жоқ. Бірақ, зерттеушілер осы сапарларында бірқатар түсініксіз құбылыстарға тап келгенімен, елді шошытқан құбыжықтың ізін таба алмаған.
Бәрі көне аңыздан бастау алады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Лабынкырды есте жоқ ескі замандарда алып құбыжық мекен еткен екен. Әлгі құбыжық жақын маңдағы елге тыныштық бермей, көлге жақын келген аң-құсты ғана емес, адамдарды да қылғыта беретін көрінеді.
Ең алғаш ғалымдар бұл аңызға геолог Василия Твердохлебовтың 1953 жылғы мәлімдемесінен кейін назар аудара бастаған. Ол сол жылы көлден көлемі өте үлкен белгісіз тірі мақұлықты байқағанын хабарлапты.
Осыдан оншақты жыл бұрын «Іздеушілер» бағдарламасы осы өлкеге арнайы экспедиция ұйымдастырады. Сапар барысында зерттеушілер көлдің табанынан өте терең шұңқырды байқайды. Шұңқырға түскен сүңгуірлер ол жақтан көптеген бассүйектер мен жануарлардың қаңқа сүйектерін алып шыққан. Бірақ, өкінішке орай, экспедиция одан басқа ештеңе де таба алмаған.
Вилюй биігіндегі өлім алқабы
Якутияның Мирнин ауданындағы Елуу жазығы туралы да небір әңгімелерді естуге болады. Көпшіліктің айтуынша, мұнда расымен де жұмбақ жерлер бар көрінеді. Айталық, осы аймақтан ХIX-ХХ ғасырларда бірнеше рет жерге көмілген темір қазандықтар табылған. Алыпқашпа әңгімелерге сүйенсек, бұл қазандықтардың ерекше қасиеттері бар. Ол қандай қасиет екені әзірге белгісіз, бірақ, бұл қазандықтар расымен де әлдебір құпияны бүгіп жатқан сияқты. Өйткені, олардың кейбірінің үлкендігі соншалық, тіпті ішінде барлық коммуникация желілері тартылған дәліздері мен тұрғын бөлмелері бар. Қазандықтардың іші тіпті қақаған қыста да жып-жылы, бірақ мұнда бірнеше түн өткізген адам көп өтпей белгісіз себеппен өмірімен қош айтысады.
Куәгерлердің айтуынша, қазандықтар барған сайын өз салмағымен жердің астына көміліп, жоғалып барады. Мұндай қазандықты көрдім деген адамның куәлігі ең соңғы рет 1989 жылы тіркеліпті. Оларды табуға ғалымдар тырысып көрген, бірақ ондай ештеңе назарларына ілікпепті.
«Қазандық» в 1936 жыл. Ю. Михайловтың суреті
Қыз елесі
Халық арасындағы алыпқашпа әңгімеге сенсек, 1990-шы жылдары бір қыз Якутскіге бару үшін жолай көлік тоқтатып мінеді. Бірақ, жолаушысын айтқан жеріне жеткізудің орнына жүргізуші оны зорлап, ұрып-соғып, қысқы аязда тыржалаңаш далаға тастап кетеді. Қыз бар күшін жиып, жақын жердегі МАИ бекетіне жеткенімен, ғимарат ішінде ұйықтап жатқан қызметкерлер оянбай, қыз ішке кіре алмайды. Содан аязды түнді далада өткізген қыз байғұс мұз болып қатып өледі.
Осы оқиғадан кейін осы аймақта жол бойында түн ішінде әрі-бері өткен көліктерге қол көтеріп тұрған қыздың елесін көрген жүргізушілер көбейген. Бұл аз десеңіз, сол баяғы қызға есік ашпаған МАИ бекетінде түн қараңғылы түссе болғаны, есікті көзге көрінбейтін біреу тықылдатып кетпей тұрып алады екен. Түнгі елестен қорыққан МАИ қызметкерлері мұнда аттап баспай қойған соң, бекетті жауып тастауға тура келіпті.
Дайындаған Б.КЕМЕЛ.