БЫЛТЫР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 500 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАҒАН

Түркістан облысында өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 500 млрд. теңгеге жуықтаған. Оның 245 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібі өндірісіне тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтикалық өнім өндіру және өзге де металл емес минералдық өнімдер сияқты бағыттар бойынша ұлғайған.
«Өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштерінің өсу қарқынын жақсарту мақсатында Кәсіпкерлікті қолдау бойынша жемісті жұмыс жүргізілді. 2019 жылы индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 22 млрд. теңгеге 13 жоба жүзеге асырылып, 800-ден астам жұмыс орны ашылды. 2020 жылға 11 жобаны іске асыру жоспарланған», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, аймақ басшысының орынбасары Үкімет тарапынан мемлекеттік секторды сатып алу саласында жергілікті қамтудың үлесін ұлғайту міндеті қойылғанын айтты. Осыған байланысты өткен жылы мемлекеттік ұйымдардың «қарапайым заттар экономикасы» саласындағы тауарларды сатып алуында жергілікті қамту үлесінің нысаналы индикаторлары асыра орындалған. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп тауарлары — 60, жиһаз – 62, құрылыс материалдары – 67, тамақ – 85 пайызға орындалып, соңғы бағыт бойынша Түркістан облысының көрсеткіші Республикада І орынға шыққан.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.