Деструктивтi ағым дiннен адастырады

Еліміздегі діни тұрақтылықты қалыптастырудағы маңызды фактор – қоғамдағы конфессияаралық келісім мен түрлі дін өкілдерінің өзара құрметі мен түсіністігін сақтай отырып, өркениеттік деңгейдегі үнқатысуды дамыта түсу болып табылады.

Кез-келген дәстүрлі діннің діттегені күллі адамзат арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті уағыздау. Ал деструктивті ағымдар керісінше татулықты ыдыратып,  дінаралық кикілжіңге бастайтын әрекеттерге барады. Мұның өзі Елбасымыздың :«Өзара сыйластық пен түсіністік, өзгелердің кие тұтқан құндылықтарына құрметпен қарау–адамдар арасындағы бауырмашылдықтың, сүйіспеншілік пен тыныштықтың және төзімділіктің басты шарты саналады» деген салиқалы сөзіне қайшы келетінін айтпағанда, ол жастарымыздың болашақ өміріне кері ықпалын тигізіп, Ислам аясында дұрыс жетілуіне, діни таным түсінігінің қалыптасуына кедергі болады.

Жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу, кереғар ағымдардан келетін қауіп-қатерден арашалап алу – біздің басты борышымыз. Яғни жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуі, өз туыстары мен отандастарына ілтипат көрсетуі, жат ағымдар насихатына мойын бұрмай, қайта оның кең етек алуына табанды қарсылық танытуы мемлекет саясатының дұрыс бағытта келе жатқанын аңғартады. Өйткені бүгінгі еліміздегі дінаралық келісім, өзара конфессияаралық татулық пен сыйластық қалыптасқан үрдіс, мойындаған жетістік. Дегенмен кейінгі кездерде жастардың рухани дамуына кері әсері бар әр түрлі жат ағымдардың ара-тұра бой көрсетіп қалып отырғанын да айту парыз. Осының салдарынан кейбір жастардың өз Отаны мен отбасына, дініне, салт-дәстүріне деген көзқарастары өзгеріп жатқанын да жасыра алмаймыз.

Ал еліміздегі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды көздейтін бағдарламаның орындалуына біздің Түркістан облысының дінтанушылары да сүбелі үлес қосып келеді. Соның бір дәлелі–дінтану ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық дінтану саласының бүгінгі жай-күйін талдау және жаңа форматтарды айқындау мен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдеріне танымдық ақпарат беруді, олардың біліктілігін көтеруді көздейтін облыстық семинардың жоғары деңгейде өтуі. Бұл семинарды Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ұйымдастырды. «Руxани жаңғыру: дінтану ғылымының бәсекеге қабілеттілігі» тақырыбындағы облыстық семинарды Түркістан облысы дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Р.Жүнісова ашып, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры А.Ноғаев, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы М.Ақтамберді, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың аға оқытушысы С.Оразбай және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы Б.Нуриддинов баяндама оқыды. Семинарға Түркістан облысы дін істері басқармасы, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің дін саласына жауапты мамандары, ҚМДБ Түркістан облысының өкілдері (имамдар), Түркістан қаласының «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жалпы семинар жоғары деңгейде өтті. Келелі кеңесте ата-бабаларымыз сан жылдардан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінінің қарқынды дамуы, халқымыздың салт-санасына етене кірігіп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналғаны баса айтылды. Сондай-ақ Ислам дінінің адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейтіні де атап көрсетіліп, осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің маңыздылығы әңгіме өзегіне айналды.

Сонымен қатар жуырда Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округіне қарасты №39 Т.Айбергенов атындағы жалпы орта мектебінде жасөспірімдермен кездесу өтіп, кездесуде жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлар, жат қылықтардың алдын алу, кереғар ағымдарға қарсы күрес мәселелері көтерілді. Кездесуге Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімнің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы А.Көшкінбай, аудандық аурухана психологы М.Есенбекова, Құркелес ауылдық округінің дәрігерлік емханасының психологы Ұ.Бюребаева, мектеп психологы мен жасөспірімдер қатысты.

 

Дайындаған: Е.Тажиев

 

«Қазақстан жолы» газеті, №43 (688) , 24. 11.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.