Деструктивтi дiни ағымдар қоғамға қауiптi

Бүгінгі таңда кейбір жастарымыздың жат ағымдар жетегіне еріп, адасып жатқандығын жасыруға болмас. Өйткені, ислам діні біреу болғанымен, сан тарауға жіктеп алып, ел арасында іріткі салып жүргендер де қатарымыздан табылуда. Сондықтан, олардың ең басты көздегені – діни білімі аз, көзқарасы қалыптаспаған азаматтарымыздың санасын улау. Әрі қарай, өз қатарына тартып, түрлі арандатушылыққа итермелеу болып отыр. Ал бұл жаһандық қатерге қарсы тұру – ортақ міндет. Өңірімізде өтіп жатқан терроризмнің алдын-алу шараларында да бұл мәселе кеңінен талқылануда.

Жуырда Арыс қалалық ішкі саясат бөлімі және орталық «Ысқақ» мешітінің ұйымдастыруымен Арыс қаласының белгі беру және байланыс дистанциясының қызмет­керлері және №17 кол­ледж студенттері арасында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу», «Дін бірлігі – мемлекет тұтастығы» тақырыбындағы кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесуге Түркістан облысы бойынша ақпараттық-насихаттық топ мүшесі С.Мұсаханов, орталық «Ысқақ» мешітінің бас имамы А.Абдулкамал, «Бекзат ата» мешітінің имамы Қ.Садыбаев және ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында С.Мұсаханов: «Салт-дәстүріміз дегенде әдет-ғұрпымыз бен мәдениетімізге ғана қатысты емес, ұлттық тәлім-тәрбиемізді, даналыққа толы басқа да ізгі құндылықтарымызды айтамыз. Алайда, арамызда ата дінімізге, салт-дәстүрімізге үрке қарайтын әсіредіншілдер пайда болды. Енді осы дінді дұрыс түсіне алмай жүргендер де басқа емес, өз қаракөз бауырларымыз. Ұлт болғаннан соң ғасырлардан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары болады. Кереғар ағымдардың жетегінде жүрген әлгі бауырларымыз мұның бәрін жоққа шығарады. Дұрыс таңдау жасау үшін әрбір азаматтың сол тақырыптың төңірегінде білімі, танымы болуы тиіс»,- деп ислам дінінің адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа толы құндылықтары туралы баяндады. Кездесу барысында жиынға қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Ал Түркістан қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде өткен «Деструктивті діни ағымдар мен ұйымдардың қауіптілігі» атты кездесуге дінтанушы маман Өтеген Бердуали қатысып, бөлім қызметкерлеріне кереғар діни ағымдардың қауіптілігі, әлеуметтік желілерде діни материалдар таратпау, діни экстремистік ұйымдардан сақтану керектігі жөнінде де айтып өтті.Жалпы Түркістан қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің қызметкерлері қатысқан бұл кездесу бөлімі қызметкері Ә.Орынбаеваның бастамашылдығымен өткізіліп, көпшіліктің көңілінен шықты.

Расында да кереғар ағымдардың басты құралы – адам санасын улайтын теріс насихат жасау, өзінің қатарына азаматтарымызды, әсіресе, жастарды тарту. Дінді насихаттау парыз десек те, хақ дінде адам баласын бүлікке шақырып, озбырлыққа үгіттейтін насихат жоқ. Дін атын жамылған теріс ағымдар адамды ортасынан жат қылып, ұлттық қасиет, ұлттық намысынан айыруды көздейді. Жастарымызға осыны жете ұғындыру маңызды екені де түсінікті. Олай болса облыс көлемінде мұндай іс-шараларды көптеп ұйымдастырудың қолға алынуы құптарлық-ақ.

 

А.ЖАЙЫМБЕТОВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.