Деструктивтi ұйымдар ұлт болашағы үшiн қатерлi

Теріс ағымдар мәселесінің бүгінде аса өзекті болып отырғаны баршаға аян. Себебі олардың жүргізіп жатқан қызметі шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына қайшы. Сондықтан мұндай ұйымдардың әрекеттерін адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс деуге әбден-ақ болады.

Жат діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға тырысып отыр. Сол үшін мұндай кереғар ағым өкілдері арбау жұмыстарында арнайы психологиялық айла-тәсілдерді жиі қолданады. Солай жастарымыздың санасына ықпал етеді.

Демек, деструктивті ұйымдардың басты мақсаты–адамның дербес ойлана алу мүмкіндігін шектеу, өз діни догмаларына азаматтарды иландыра отырып еліктіріп әкету болып отыр. Мемлекетіміз де терроризм мен экстремизмнің алдын алуды негізгі міндет санайды. Елбасымыздың  жүргізіп жатқан сарабдал саясатының арқасында елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы сақталып отырғаны да шындық.

Елбасымыздың бастамашылдығымен террористік қатерлерді ауыздықтауға арналған жеке дербес жүйе құрылып, ол жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы да жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады.

Мұндай ауқымды мемлекет бақылауындағы ілкімді істер біздің Түркістан облысының аудан, қала­ларында, елді мекендерінде көптеп өткізілуде. Облыс аумағында өтіп жатқан діни сауаттылықты көтеруге, кереғар ағымдардың алдын алуға бағытталған түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесу кештері, конференциялар, флешмобтар т.б. іс-шаралар бұған айқын дәлел бола алады. Мәселен, Сайрам ауданы Манкент ауыл округі әкімдігінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесуде аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Аймаханов, «Жастардың ғаламторда өзге ағымдардан сақ болуы» жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен білім бөлімінің мамандары, аудандағы 74 жалпы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары,психолог,социолог маман­дарымен кездесіп, білім бөлімінің әдіскер маманы Р.Сейтова «Мектептегі тәрбие, форма және жастардың ғаламторда өзге ағымдардан сақ болуы» тақырыбында баяндама оқыды.

Ал Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш медресе колледжінде» кездесу өткізіп, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Тәрбие жұмысы және қосымша білім басқармасының бас сарапшысы Қ.Жахин, ҚМДБ «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы М.Исахан және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Құқық және халық­аралық қатынастар факультеті деканының орынбасары Е.Бекбосынов, Түркістан облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ басшысы А.Ноғаев ер балаларға отбасындағы парызын, түрлі кереғар діни ағымдардан қалай қорғау керектігін жан-жақты түсіндірді.

Бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор деуге болады. Алдағы уақытта мұндай форматтағы кездесулер жиі өткізіліп тұруы керек. Сондай-ақ қараша айының 7-8 күндері аралығында Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында аудандағы Ленгір қалалық емхана, аурухана, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Ленгір қаласының тұрғындары, Көксәйек ауылдық округінің тұрғындары және №9 кәсіптік колледж қызметкерлері арасында облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы теолог маманы А.Бектұрғанов «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу» атты тақырыпта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіп, дін турасында қойылған жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.

 

Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.