Дiн бiрлiкке бағыттайды

Ел халқының бірлігі – басты байлығымыз. Шындығында толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің озық үлгісін көрсете білген мемлекетіміз бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналуда. Дегенмен Елбасымыз айтқандай, бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Сондықтан да еліміздің конфессияаралық үнқатысуда, қоғамдық келісімді қалыптастырудағы жетістіктерін еселей түсуіміз қажет. Дінаралық диалогты жетілдірудің де жаңа жолдарын іздеген дұрыс. Ал ол үшін бүгінде өңірімізде де конфессияаралық келісімді нығайтуды, діни мәдениетті көтеруді, діни сананы қалыптастыруды көздейтін ілкімді істер атқарылуда.

Таяуда «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай, Сайрам ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Жақыпбеков діни бірлестік қызметкерлерімен кездесіп, атаулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ ҚМДБ-ның Түркістан облысы Сайрам ауданы бойынша бас имамы И.Панов пен православ діни бірлестігінің дін қызметкерін қабылдады.

Бөлім басшысы Астанада алтыншы рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізудегі Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін лайықты бағалауымыз керектігіне де тоқталып, Мемлекет басшысының: «Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу адамның өз міндеті»,-деген орынды пікірін мысал етті. Өз кезегінде дін қызметкерлері де өңіріміздегі діни ахуал жайлы ойларын ортаға салып, аудан аумағында діни бағытта жүргізілген жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Қабылдау соңында дін басшыларына мерекеге орай, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар Созақ ауылының Мәдениет үйінде «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» тақырыбындағы аудандық форум өтті. Аталмыш жиынға аудан көлеміндегі мешіт имамдары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, ауылдық округ әкімшіліктері жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері, «Жастар ресурстық орталығы» мамандары қатысты. Форумда Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Е.Сағындық баяндама жасап, өз ойын: «Дін-рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтың, сабырлылықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы. Мына отырған біздер үшін елімізде орныққан дінаралық татулық пен төзімділікті, келісімді өз дәрежесінде дамыта түсіп, еліміздің тәуелсіздігін одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ»,-деп қорытындылады.

Жиында Созақ ауданының Бас имамы М.Есіркеп, «Созақ үні» газетінің журналисі Д.Беков және Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Ж.Елшібаев сөз алып, дәстүрлі діндердің рухани дамуымыздың басты факторы екендігін жеткізіп, қоғамда берік орныққан рухани келісімді сақтап, нығайтуға белсене атсалысуға шақырды.

Форум соңында Созақ ауданының Бас имамы М.Есіркеп, «Жуантөбе» мешітінің имамы С.Амандосов, Түркістан облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Қ.Қосмаханов өңірдегі діни тұрақтылықты сақтауға, ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын жалғастыруға қосқан үлестері үшін Созақ ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Дайындағандар: А.ҮСІПОВ, Ұ.ӨСКЕН.

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.