Дiн мен террор егiз емес…

Егемендік алған ширек ғасырда елімізде мемлекеттен тыс күштер Исламмен айналысты. Мемлекет Исламмен айналысуға бет бұра алмай жатқан тұста Ислам мемлекетпен айналыса бастады. Дін саясиланып сала берді. Жалпы, дін — әлемде ең басты саясат болатын. Міне, осы кезде ат ойнатып, «төске шауып, басқа өрлеп», елімізде уахабистік жат діни таным ошақтары қаптай бастады. Бұлар­дың ішінде оң ниеттілері де бар. Бірақ олар уахабизмнің Батыстың саясат құралы екендігін түсін­бейді. Сосын тағы олардың ішінде уахабизмді ақша, саясат үшін жарнамалап жатқандар да бар. Бұлар Исламды дін ретінде емес, агрес­сия, оппозиция, шариғат, режим ретінде қабылдап, сол бағытта әрекет етеді. Бұл кең дала екі ғасырдан бері уахабизм идеологиясының қысымына ұшырап отыр. Кеңес үкіметіне дейін де, Кеңес кезінде де, қазір де. Мұны мемлекет енді түсініп, одан арылудың жан-жақты тетіктерін ойластырып жатыр. Дегенмен, әлі де жете меңгерілмей жатқан тұстар жоқ емес.

Уахабистік идеологиямен күресудің ғылыми-танымдық, саяси-экономикалық, халықаралық аспектілері бар. Осылар­ды орталықтандырып, шешімді қабылдауды кешеуілдетіп отыр. Себебі көп. Бірақ ең бастысы, мемлекет уахабизмнің қазақ мемлекеттілігін дамытуға, оның баяндылығына ең басты қауіп екендігін біліп, сезініп отыр. Дегенмен әлі де болса, мемлекетте осы экстремистік діни топтар­мен күресуде сыртқы күштердің ықпалы басым сияқты болып көрінеді.

Бүгінгі күні ең үлкен бәле–лаң, террор деген жік шықты. Жалпы адамзат ғасырлар бойы бәле атаулыдан құтыла алмай келеді. Бәленің аты  жамандық па, лаң ба, зобалаң ба–бәленің аты бәле. Әйткенмен де терроризмде бір мәселе бар. Жалпы «изм» болған жер мәселесіз болған ба? Алдымен террорист деп адамды ма, топты ма, мемлекетті ме, нақты кімді айтамыз? Жай ғана Таяу Шығыс тұрғынының көзімен қарасаңыз, нағыз террорист Америка болып шығады. Ал Американың көзімен, жалпы, Батыстың көзімен қарасақ, бар мұсылман табиғатынан террорист болып танылады. Не болса да терроризмде бір бәле бар. Бәлелер көп, бірақ терроризм бүгінгінің «модаға айналған бәлесі». Құрысын бәле, өзімен кетсін!

Дегенмен, террор бүгін бәленің бәлесі, олай болса, террорды түсіну үшін, бәленің не екенін білген дұрыс. Террор негізінен ұғым ретінде бүгін жүйе, билік, саясат ұғымдарымен көрші тұрады. Қай жерде террор болмайды? Әрине, жүйе, билікке дұрыс саясат үстемдік еткен жерде террор болмайды. Ондай жүйеде ереже, қағида, заң нақты, адамдары да сол ережелерге бас иеді, ол жерде жүйе бұзар лаңкестік жоқ деген сөз.

Енді одан ары қарай тереңірек талдай түсейік. Бір оқиға немесе құбылыстың террор екендігін қалай анықтаймыз? Террор деп тану үшін ол құбылыстың қандай сипаттары болуы керек?

Міне сұрақ! Жауап жоқ. Бар, бірақ әртекті. Демек ол жауап емес. Дегенмен бүгін қоғамдық санада террор туралы түсініктер беріліп, анықтамасы да жасалынып қойған. Қарапайым бір қазақ, өзін-өзі жарып жіберіп жатқан қандастарын, жастарының әрекетін террор деп анықтауы мүмкін. Бірақ сол қазақ «енді қайтсін» деп жаңағы оқиғаны ақтауға да тырысуы мүмкін! Рас, белгілі кейбір құбылыстар үшін террор дейміз. Бірақ мәселеге саяси немесе социологиялық тұрғыдан емес, философиялық қабаттар арқылы үңіліп көрсек, террор деген бәле адамға тән құбылыс екен. Ол белгілі бір мәдениет немесе белгілі бір уақытта пайда болатын нәрсе емес екен. Жалпы алғанда адамға тән нәрсе. Яғни тек исламда террор бар, тек мұсыл­мандар террорист деген анықтама түбірімен қате екен. Олай болса, террор тек осы ғасырдың мәселесі ме? Жауапты өзіңіз берсеңіз де болады. Ол сіздің террорға деген көзқарасыңызға байланысты.

Террор ұғымын өте кең, әр қырынан қарастыруымыз керек. Бірақ бұл көзқарас саясатшылар мен социологтарға ұнамауы ықтимал. Мейлі мен бүгінгінің адамын түсінуім үшін де террорды талдап түсінуге мәжбүрмін. Енді сұрақ. Террорды жаратушы адам болса, ол қандай болмыс? Кезінде әуел баста адам жаратыларда періштелер айтқан екен: «Ей Алла, жер бетінде зобалаң тудыратын мақұлықты неге жаратасың», — деп. Адам егер болмысынан террорист болса, біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз? Тіршілік, мән, ар, жауапкершілік көз алдыңа тізіліп келе қалады. Террорды герменевтикалық тұрғыдан қарасақ, өмірімізге қатысты өте маңызды ескертулер беретін сияқты.

Енді террорды үңіліп әрі қарай оқи түсейік. Террорды «бүгінгінің модаға айналған бәлесі» дедік. Адам әрдайым бәледен арылмаған болмыс десек, өмір дегеніміз де осы мағынаға жақындап қалатын сияқты. Бәлесіз, қиындықсыз ғұмыр кешкен адамды өмір сүрді деуге бола ма? Адамның ғұмыры уайымсыз, қайғысыз, қиындықсыз өтуі мүмкін бе? Жоқ  Адамның өмірі қым-қиғаш шытырлы орман. Осы қиындықтарды көре-көре, жеңе-жеңе адам болады. Демек, адамды адам қылған қиындықтар және онымен күрес.

Адам сенімінің жалғасы иманға, иман нұрына ұласады. Имансыз болу мүмкін емес, өйткені сенбеу мүмкін емес. Алдымен адам өзіне сенбесе, Аллаға сене ме? Ал, сенімсіз – өмір тұл. Өмір бар жерде сенім бар, сенім бар жерде иман бар. Діннің болу-болмауы басқа мәселе. Бірақ енді, иман мен террорды қалайша бір өзеннен шықты дей аламыз.  Себебі иманның адамға беріп отырған бағыты мынау: «Бұл дүние – аманат. Рухың да аманат. Сол аманатты таситын сенімге ие адам – нағыз жауапкершілігі бар мұсылман. Бірақ бұл дүние сенікі емес, егесі сен емессің. Ең кәміл Алла, сен нұқсансың, кемелденуің қажет. Аманатқа қиянат жасауыңа жол жоқ. Өмірден жауаптысың…». Егер иман осылай десе, онда сол өмірді құртқысы келетін террор арасында қандай байланыс болуы мүмкін.

Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос». Махаббаты жоқ адам­да қоршаған әлемге деген жек­көрушілік болады. Ол қорқы­тады, өзі қорқады. Сосын әлемді өзіне қаратқысы келеді, отарлайды. Осыны Батыс христиан әлемі озық технологиясымен жүзеге асырып келеді. Діни тіршілік уақыт өте  келе басқаларға құрмет ететін рухани өзегін жоғалтуда. Дін жай ғана қамсыздандыру фирмасы сияқты болып барады. Мұндай дін, яғни, тек формаға айналған діни тіршілік, түсінік, террордың жатырына айналады. Негізінде есеп үшін күніне пәлен сауап алам деген намаз, құлшылықпен шектелетін діни тіршілік бұл нағыз жаттану, рухтан бейхабар қалуды көрсетеді. Дінді осылай қабыл­дайтын адам басқаларды, өзіне ұқсамағандарды  дұшпан ретінде көреді. Батыс мұсылманға террор көйлегін туған кезінде кигізіп, қауға сақал, зұлым ниетті, қысқа балақты деп сипаттап қойған.  Бұлар ертең сақалсыздарды мен сияқты бол деп зорласа ше? Ал көселер…

Егер адамның адам болып қалуы өзіне қарсы жақты жоюға бағытталса, онда оның арты біртұтам. Ешқандай адам, мәдениет жеке тіршілік ете алмақ емес. Ол үшін басқаларына тәуелді.

Өзінің адамдығына үңілудің жолы – рух тәрбиесі. Адам жеке тұлға ретінде кемелдікке жете алады. Бірақ террор ерік-жігері жоқ, өзіндік аты, шешімі жоқ адамдармен көрші болады. Сондықтан қоғамда ерік-жігері қуатты, рухани тәрбиелі, білімді адам қалыптастыру тек отбасының, мемлекеттің ғана емес жалпы қоғамдық іс, оған қатысу әрбір адамзаттың парызы болуы тиіс.

Досай Кенжетай, дінтанушы

 

«Қазақстан жолы» газеті, №35 (680), 22.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.