Дiни экстремизм – әлемге төнген қауiп

Жуырда Шымкент қаласының орталық­тандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Абай атындағы орталық кітапханада «Діни экстремизм – әлемге төнген қауіп» атты ақпараттық сағат өткізілді. Іс-шараға М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері, Жол-көлік колледжінің қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні оқытушысы Қ.Болысбаеваның жетекшілігімен бір топ студенттер қатысты.

Іс-шараны жүргізген кітапхана қызметкері Ж.Менгелбекова келген қонақтармен таныстырып, әуелі іс-шараның мақсатына тоқталып өтті. Ол бүгінгі таңда түрлі конфессиялар өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және өзара тиімді қарым-қатынас жасауы үшін елімізде қолайлы жағдайлар жасалынғанын, сонымен қатар, Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар басқа елдер үшін үлгі болып табылатынын атап өтті. Алайда, кейбір дінге сенушілер агрессия мен діни радикализмнің қауіпті формаларына бой алдырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретіндігін баса айтты.

Өз сөзінде Шымкент қаласы Абай ауданының инспекторы Е.Артықбаев былай деді: «Діни экстремизм Ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әр түрлі діни пікірлерге негіз­делгеніне қарамай, олар­дың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодек­сінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм – діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізуі үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша айтқанда – терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталды. Ислам шариғатымен амал етіп, басқаға үлгі бола білу, әрі шариғат талап­тарымен орындау, өрке­ниетті қоғам орнатудағы аса сенімді жол екенін түсіндіре білу–діни экстремизмге қарсы қолданар ең үлкен қару».

Осынау қоғамдағы етек алған індетті шешуге бағытталған бұл іс-шараны кітапхана директоры Г.Шатырбекова қорытындылап, келген қонақтарға алғыс білдірді.

М.Усербаева, ОККӘС әдістеме бөлімінің жетекші әдіскері.

 

  «Қазақстан жолы» газеті, №28 (673) 28.07.2018 жыл.

Фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.