Дiни экстремизм – дiнге жат ұғым

Діни экстремизм мен терроризм расында да қоғамның тұтастығын бұзады, жастарды тура жолдан тайдырып, ел ішінде алауыздық тудырады. Елбасымыз Н.Назарбаев та өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанмен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар»,-деп алаңдаушылық білдіреді. Дегенмен бүгінде елімізде бұл жаһандық дертті ауыздықтауға, алдын алуға арналған көптеген игі шаралар қолға алынуда.

Өз өңіріміздегі ұйымдастырылып жатқан шараларда да теріс ағымдар әрекетін қатаң бақылауға алып, оның таралуына мейлінше шектеу қоюға ұмтылушылық байқалады. Мысалы қыркүйек  айының басында Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында аудандағы ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері, Төлеби аудандық күзет полициясы және «Дінтану» пәні мұғалімдері, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Бектұрғанов қатысқан семинар-кеңесте «Дін және зайырлылық», «Қоғамдағы рухани тәрбиелеудегі исламның рөлі», «Ғаламтордағы арбау» атты тақырыптар талқыланса, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторының ұйымдастыруымен Ленгер қаласындағы №8 кәсіп­тік-техникалық, «Мейір-Бейс» медициналық, Көксәйек ауылдық округіне қарасты көпсалалы техникалық колледждерінде студенттер арасында зор­лық-зомбылықтың және аутодеструктивті оқиғалардың, құқық бұзушылық пен келеңсіз жат қылықтардың алдын алу мақсатында «Жастар – ел болашағы!» тақырыбында анонимді түрде сауалнама жүргізілген болатын. Ал Түркістан қаласындағы №22 жалпы орта мектебінде «Экстремизм және терроризм: ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбында мектеп оқушыларымен жалпы кездесу өтті. Кездесуді мектеп директоры Г.Өтеуова жүргізіп отырды

Кездесуге ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшелері, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы М.Қалеке, ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теологы І.Нағызхан,Түркістан қалалық ішкі істер басқар­масының учаскелік полиция инспекторы С.Утешов қатысты.Кездесу барысында кереғар ағымдар, экстремизм мен терроризмді насихаттайтын ғаламтордағы күмәнді сайттардың қауіптілігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар Ленгір қаласы әкімі аппаратының мәжіліс залында деструктивті ағымдар мәселесін көтерген кең көлемдегі жиналыс өтті. Жиынға қаладағы БАҰ төрағалары мен көше басшылары қатысып, қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдарға деген теріс пікір қалыптастыру, олардың алдын алу және діни тұрақтылықты сақтау мәселелері сөз болды. Жиын барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Абдукаимов жастар санасын жаулап алуға ұмтылып отырған кереғар ағымдардан сақтану үшін жиірек түсіндіру жұмыстарын жүргізу, кездесулер ұйымдастыру мен мектептердегі тәрбие жұмыстарына белсене атсалысу керектігіне тоқталды.

Ұ.ӨСКЕН.

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.