Діннен адастырар теріс ағым
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек»,- деп атап көрсеткен болатын.
Жақында Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапханада көпшілік оқырманның қатысуымен қазіргі уақытта қоғамда өзекті мәселе болып отырған экстремизм, лаңкестік туралы мағлұмат беріп, оның таралу жолдары туралы түсіндіре отырып, құқықтық білімдерін кеңейту мақсатында «Экстремизм мен терроризмнің елімізге қаупі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты экстремизм, терроризм, радикализм терминдеріне түсінік беру, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері туралы ақпарат беру, оның таралу себептері, бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып алдын алу шараларын жүргізу, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу болып табылады.
Аталған іс-шараға дін өкілдері мен жас оқырмандар қатысты. Кіріспе сөзді Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапхананың директоры міндетін атқарушы Гүлнар Қамбарбекқызы алып, қазіргі таңда экстремизм, терроризм белең алып тұрғанын, онымен қоғам болып күресіп, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізіліп отырса қоғамда келеңсіз оқиғалар болмайтынын айтты.
Сонымен бірге, шет елдерде жарылыс, қиратушылық белең алып тұрғанын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары адамдардың ойы мен санасында әлеуметтік-экономикалық мәселелер бірінші орынға шығып, рухани құндылықтар кешеуілдегенін, осындай рухани бостықтың салдарынан діннің әлсіз тұстары көбейгенін әңгімеледі. Облыстық орталық мешіттің бас имамы орынбасары Ахметжан қажы Керімбек жастарға қазіргі Қазақстанымыз көп ұлтты ел екенін, елімізді көркейтіп, дамыту үшін діни ахуал тұрақты болу керек екенін, экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа, бейімделген көзқарастардан туындайтынын, экстремизмнің этноцид, геноцид, расизм, терроризм деген түрлері бар екенін, бәрі де күш қолдануға сүйенетінін әңгімеледі.
Терроризмнің мақсаты – мемлекеттердің, халықтардың рационалды түрде ойлауларына, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасау. Сонымен бірге қоғамда дүрбелең тудырып, көшеде, жұмыс және демалатын орындарда, халықтың көп шоғырланатын сауда-саттық орталықтарында кез-келген уақытта бүлік шығарып, жарылыс жасау. Ядролық лаңкестік – ядролық жарылғыш заттарды жару немесе онымен қорқыту, радиоактивті заттармен улау, ядролық нысандарды басып алу мақсатын көздейді.
Облыстық орталық мешіттің бас имамының орынбасары Талғат Дәрібаев сөз алып, лаңкестерге тосқауыл қою керектігін, себебі оның мемлекет тұтастығына сызат түсіріп, үлкен қауіпке айналатынын жеткізді. Елімізде 2005 жылы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Осы Заңның 10-бабы – «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады. Қазақстан өз тарапынан аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Іс-шара барысында түрлі сұрақтар қойылып, дін өкілдері жауап берді.
Оқырмандар өздерін қызықтырған бүгінгі шиеленіскен діни ахуалдың себептер мен салдарымен таныс болып, экстремизмнің белгілерін сұрап, өз кезегінде жауабын алды.Іс шараны кітапхана қызметкері Ж.Сауырбаева қорытындылап, әрбір азаматтың қоғам тыныштығы үшін экстремизмнен, жат діндерден аулақ жүруі керектігін қаперге салды. Қазақ халқы ежелден-ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсініп, талай-талай зұлмат заманды басынан кешірген, кемеңгер бабаларымыз айтып кеткендей, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп елді үнемі бірлікке шақырып отырған.
Егер елімізде нағыз мұсылман, Құранның жолымен жүретін халық көп болса, елде береке-бірлік, ынтымақ болады. Осы салада Шымкент қаласында бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқаны тілге тиек етілді. Арнайы дайындалған «Діннен адастырар теріс ағым» атты бейнеролик оқырмандар назарына ұсынылды. Кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қалың оқырман мен дін өкілдерінің қатысумен өткен бұл шаралар жастардың діни сауаттылығын одан әрі арттыра түсті деп білеміз.
Г.ШАТЫРБЕКОВА,
Абай атындағы орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі
«Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.