ЭКСПО туралы қызықты деректер

 

 Сіз білесіз бе?

Картинки по запросу экспо 2017

* ЭКСПО-ны Елизавета II патшайымның арғы атасы ойлап тапқан

ЭКСПО көрмелерін ең алғаш қазіргі Ұлыбритания патшайымының арғы атасы – Альберт ханзада ұйымдастырған. Ғылым жетістіктеріне қатты қызыққан ол Бірінші Дүниежүзілік көрмені 162 жыл бұрын, яғни 1851 жылы 1 мамырда Лондонда өткізген. 20 апта бойы өткен бұл көрмені 6 млн. адам тамашалаған (Лондонда ол уақытта небәрі 3 млн. адам тұрған).

* Наполеон да ЭКСПО өткізгісі келген

Бұл көрме әлемді дүр сілкіндіргені соншалық, Франция императоры III Наполеон да өз елінде көрме өткізуді ұйғарады. Өз шарасын ол «Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өнер көрмесі» деп атаған. 1855 жылы 15 мамырда Парижде өткен көрмені тамашалауға 5 млн.-нан астам адам келеді.

* Патшалар ұнатқан көрме

Екі жылдан кейін француздар тағы да көрме өткізуге шешім қабылдап, оны «Екінші әмбебап көрме» деп атайды. 1867 жылы өткен бұл көрмеге көптеген мемлекет басшылары арнайы келеді. Олардың арасында түрік сұлтаны да, Австрия императоры Франц Иосиф I де, парсы королі Вильгельм I мен оның канцлері Бисмарк та, орыс патшасы Александр II де болды. Бұл жолы ЭКСПО-ны тамашалау үшін парижге 15 миллион адам келген.

* ЭКСПО және апаттар

Арада 3 жыл өткенде Австрия техникалық жетістіктер көрмесін Венада өткізбек ниетін жеткізеді. Бұл мақсатқа 12 гектар жер бөлініп, Өнеркәсіптік сарай салынады. ЭКСПО тарихында бірінші рет 1873 жылы Венада халықаралық ғалымдар форумы жиналып, барлығы 12 конгресс пен конференциялар өтеді. Осы жолы көрмеге Жапония қосылып, күншығыс елінің керемет жетістіктерімен таңқалдырады.

Бірақ, осы көрме кезінде Дунай өзені тасып, су тасқыны орын алады, тырысқақ індеті өршіп, қор биржасы апатқа ұшырайды.

* Телефон және қызанақ кетчубы

1876 жылы ЭКСПО-ға Америка да қосылады. Бұл жолы шет мемлекеттер мен олардың компанияларына 200-ге жуық павильон бөлінеді. Осы жолы көрменің ішінде теміржолдың жүргізілуі ең үлкен жаңалық болды. АҚШ көрмеде ең алғаш Грэм Беллдің телефонын, Томас Эдисонның телеграфын, Ремингтонның жазу мәшіңкесін және «Хайнц» қызанақ кетчубын ұсынды.

* Халықаралық Көрмелер Бюросының (МБВ) құрылуы

1928 жылы Ұлы дағдарыс кезінде Парижде Халықаралық Көрмелер Бюросы құрылды. Бұл ұйым ЭКСПО-ның ойдағыдай өтуін және ол инновациялық технологиялар алаңы ғана емес, әртүрлі мәдениеттердің кездесу және пікір алмасу алаңы болуын қадағалайды. Қазіргі уақытта штаб-пәтері Парижде орналасқан бұл ұйымға 167 мемлекет мүше болып табылады.

* Ұлы дағдарыс кезіндегі ЭКСПО

1933-1934 жылдары ЭКСПО Чикагода өтті. 20-шы жылдары мафияның кең етек жаюының кесірінен бұл қаланың жаман аты шығып қалған-ды. Өз беделін көтеру үшін Чикаго билігі  Халықаралық көрмені өзінде өткізуді ұйғарады. Бірақ, 1929 жылы қор нарығы құлдилап кеткендіктен, көрмені өткізуді бірнеше жылға кейін шегеруге тура келеді. Ақыры 1933 жылы өткен көрменің аса табысты болғаны соншалық, оған 39 миллион адам қатысады. Нәтижесінде Чикаго көрмеге жұмсалған шығынын қайтарып қана қоймай, айтарлықтай мол табыспен де шығады. Өкінішке орай, осы көрмеде ұсынылған көптеген техника жетістіктері кейін біртіндеп өлім қаруына айнала бастады…

 * Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы «бейбіт» көрме тек 1958 жылы Брюссельде өтті. Көрменің басты тақырыбы «Прогресс және адамзат» деп аталды. Брюссельдегі көрмеде адамдар алғаш рет ғарыш жерсерігін, атом электростансасының макетін көрді. Көрмені 41 миллион адам тамашалады.

* Келесі көрме АҚШ-тың Сиэтл қаласында 1962 жылы өтті. Бұл жолы IBM компаниясы өзінің алғашқы компьютерлерін көрсетті. Бұдан бөлек, келушілерді үлкен қабырға теледидары, электронды кітапхана, гидроэлектрлі су бөгеті және басқа да жаңалықтар таңқалдырды.

* ЭКСПО-67 алғашқыда Москвада өтеді деп жоспарланған, бірақ 1962 жылы КСРО кенеттен тапсырысын қайтып алады. Нәтижесінде ЭКСПО басқа құрлыққа – Монреальға өтеді. Көрмеде Франция Жак-Ив Кустоның жерасты экспедицияда тапқан олжаларын көрсетсе, бүгінде кинотеатрларда қолданылатын IMAX та сол жолы алғаш рет жарыққа шығады. Бұл көрмеге 50 миллион адам келген.

* Келесі көрме Жапонияда, Осака қаласында өтті. Онда 500,000 еселенген электронды микроскоп және 500 шақырым жылдамдықпен жүретін электронды пойыз, ядролық реактордың, АҚШ пен КСРО ғарыш кемелерінің, алып роботтардың макеті қойылды.

* 2000 жылы Ганноверде өткен көрмеге жоспарланған 40 млн. қонақтың орнына 18 млн. ғана адам келді. Бірақ, сонда да ЭКСПО ел экономикасына үлкен табыс әкелді. Көрмеге арнап жаңа теміржол стансасы, жаңа жолдар, трамвай желісі мен әуежай терминалы салынды. Бұл көремеде қолда бар материалды қайта өңдеуге баса мән берілді.

* Халықаралық көрмелер бюросының экспозициялары екіге бөлінеді: Бүкіләлемік әмбебап көрмелер және Мамандандырылған халықаралық көрмелер. Біріншісі жарты жылға созылады және 5 жылда бір рет өтеді. Мұндай көрменің ауқымы мен тақырыбы шектелмейді. Ал белгілі бір тақырыпқа арналатын екіншісі 3 айға созылады, ол Бүкіләлемдік көрмелердің арасында өтеді. Қазақстанда өтіп жатқаны да осы Мамандандырылған көрме.

* Қазақстандағы көрме 173,4 га аумақта орналасқан, оның 25 гектарын көрме павильондары, ал 148,4 гектарын инфрақұрылым нысандары (үйлер, қонақүйлер, мейрамханалар және т.б.) алып жатыр. ЭКСПО-2017 маусымнан қыркүйекке дейін 93 күнге созылады. Көрмеге 115 елден 2-3 миллион адам қатысады деп күтілуде. Бұл – ТМД ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы осындай алғашқы көрме болып отыр.

* ЭКСПО өткен соң, көрме қалашығы өз инфрақұрылымы бар тұрғын орамға айналады, ал көрме павильондарында кеңселер, конгресс-орталықтар, мұражайлар және басқа да нысандар ашылатын болады. Бұдан бөлек, жас ғалымдар, зерттеушілер мен студенттерге ғылыми-зерттеу орталығы есік ашпақ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.