Экстремистiк дiндарлық – өркениетке тежелiс

Жуырда Абай атындағы орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде «Экстремистік діндарлық–өркениетке тежеліс» атты кездесу кеші өтті. Деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған осынау шараға Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімі дінтану бөлімінің мамандары мен оқырмандар, ЖОО студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кеш барысында Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Е.Тілеубаев қаламыздағы деструктивті діни ағымдарға, экстремизм мен терроризмге қарсы атқарылып жатқан ауқымды шаралардан қалың оқырманды хабардар ете отырып, «Деструктивті керағар ағымдардың алдын алу» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ол бүгінгі күнде еліміздегі керағар діни ағым­дардың өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін астыртын түрде қауіпті ақпараттандыруды жүргізіп жатқанына тоқталып, еліміздегі толеранттылық пен конфессияаралық келісімді, этнос­аралық бірлік пен ұлтаралық татулықты сақтауға үлес қосуға шақырды.

Сондай-ақ бұл тағылымды кеште діннің негізгі мақсаты-адамның барлық адамгершілік қасиеттерін сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің «бет-бейнесін» сақтап қалуына көмектесу болып табылатыны да баса айтылды.

Сонымен қатар қазіргі керағар деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін діни-саяси, психотерапевтік, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы, өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым болып табылатыны, дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайтыны, сондай-ақ бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенетіні ескертілді.

Осылайша олардың тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзатыны, заңсыз мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысу салдарынан сенушілердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылдағы ағымдардың әкелер қасіретінің орасан зор екені де назардан тыс қалмады. Расында да қоғамда дін атын жамылып, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың өздеріне тән әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып көздегендеріне жететіндері, «сананы бақылау» әдісі арқылы жастардың психикалық денсаулығына нұқсан кел­тіретіні, жұмыссыздардың, өмірден өз орнын таппағандардың, психологиялық қиындықтарға төзе алмағандардың, дәстүрлі діндерді терең білмейтіндердің, әсіресе, жастардың керағар ағымдар үгіт-насихатына тез ілігетіні белгілі.

Сондай-ақ Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Нұрлан Күндебай да діни экстремизм ұғымының шынайы діннің негізгі қағидаттарынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтық қағидаттарынан тыс шектен шығу, дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету екенін айтты.

Ал «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы Бауыржан Заманханов деструктивті діни ағымдардың идеологтары ағым мүшелерін толық тәуелділікте ұстауға тырысатынын, ағым мүшелерінің рационалды ойлаудан бас тартуы ең қауіпті салдар болып табылатынын, адамның жеке басына тәуелділікке бейімділікті, дербессіздікті және тұйықтықты енгізу мұндай топтастықтың біріктіру сипатын одан әрі күшейтетінін жеткізді. Сондықтан да Шымкент қаласында бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар жандандырыла түсуі керек. Кездесу соңында оқырман қауым тарапынан сұрақтар қойылып, мамандар оларға тұшымды жауаптар берді.

А.Алиева,

Абай атындағы орталық кітапхананың қызметкері

Фото интернеттен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.