Экстремизм мен терроризм — бейбiтшiлiкке төнген қауiп

Рухани азықтың ордасы, білім мен ілімнің бастауы саналатын кітапханадан көптеген жастар өздеріне рухани азық алып, болашағына бағдар жасап жататыны рас. Өркениеттіліктің, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы саналатын кітапхананың адам өміріндегі алар орны ерекше.

Таяуда Шымкент қаласындағы  Отырар кітапханасында «Экстремизм мен терроризм – бейбітшілікке төнген қауіп» тақырыбында кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу өткізілді. Ақпараттық-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ісшараға №80 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері қатысып, көптеген мағлұматтар алды. Иә, кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір десек, сол міндетті атқару жолында біз оқырмандарды тек кітап оқуға шақырып қана қоймай, олардың ой-өрісінің дамуына, қоғамдық пікірі қалыптасуына да қызмет жасаймыз.

Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау барысында түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдердің берері мол. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген  кітапханашылар – ең қажетті, абыройлы мамандық иелерінің бірі десек, ойы зерек, қиялы ұшқыр, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың  тиімдісін беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, парасатты кітапханашылардың орны да өзінше бір бөлек. Міне, осындай өз мамандығын шексіз сүйетін кітапханашылар таяуда тағы бір тағылымы мол іс-шараның ұйытқысы болды. Абонемент бөлімінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында өрбіді.

Басқосуда әлемдік деңгейдегі қазіргі проблемалардың бірі болып отырған терроризм, экстремизм құбылыстарын талқылап, бұл келеңсіз оқиғалардың алдын алу шаралары мен жастарға үгіт-насихат жұмыстарын қолға алу мәселелері кеңінен сөз болды. Басқосу барысында оқушылар мен қонақтар аталмыш тақырып төңірегінде ашық-жарқын пікір алмасып, өзара ой бөлісті.Міне, осылайша мәдениеттілік пен парасаттылықтың, таным мен тағылымдылықтың ордасы болатын қаладағы кітапханаларда осындай тәрбиелік мәнге ие іс-шараларды жиі өткізіп отыруды өзіндік дәстүрге айналдырып келеді.

Бұл басқосудың алдында ғана бірнеше кітапхананың  Шетел әдебиеті бөлімінде  «Терроризм және экстремизм және сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты тақырыптық кеш өткен болатын. Тақырыптық кешке қатысқан оқушылар қазіргі жаһандану заманында қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған діни экстремизм, терроризм туралы мағлұматтар алды. Бір сөзбен айтқанда, іс-шараға қатысушылар экстремизм мен терроризм–бейбітшілікке төнген қауіп екеніне қаныға түсті. Шымкент қаласы жастарына терроризм, лаңкестік туралы шынайы ақпараттар беретін зор мәнге ие мұндай тәрбиелік шараларды алдағы күнде де өткізе беретін боламыз.

Асылзат АРЫСТАНОВА,

Отырар ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары.

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.