Ел ертеңін ойласаң, ғаламторыңды түзе!
Бірақ діни сауатсыздықтың салдарынан осындай сайттардың сілтемесіне, теріс ақпаратқа қалтқысыз сенудің соңы жақсылық әкелмейтінін жадымызда ұстайық. Сондықтан да жастарымыз бұзық діни парақшалардың насихатына ілінбеуі үшін ата-аналар қауымы ұл-қыздарының қандай сайтқа не желіге кіріп жүргеніне бақылау жасауы керек-ақ. Өйткені, бүгінде әрбір оқушы мен жас буынның қолындағы смартфонда ғаламторға кіру қолжетімді. Ата-ана перзентінің қандай парақшаға кіріп, кімді тыңдап жүргенінен бейхабар.
Енді еліміздің кез келген азаматы заңнама мен заң нормаларына қайшы ақпаратқа қатысты онлайн түрде шағым, өтінім қалдыра алады. Бұл негізінен әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға қатысты. Оған қоса, елімізде соңғы жылдары деструктивті діни қызметтен жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсету арналған «Қауырт желі» жүйесі іске қосылған. Кеңес беру жекеше түрде кәсіби заңгер, теолог, дінтанушы және психолог мамандар арқылы жүргізіледі.
Зерттеу мәліметіне сенсек, елімізде 5,6 миллион адам желіні белсенді қолданады екен. Қолданушылардың басым бөлігі–18 бен 24 жас аралығындағы жастар. Ал, кереғар діни ағымдардан қорғанудың жолы ол–ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері, яғни, мешіттегі имам-ұстаздардан ілім алып, діни сауатты арттыру. Бүгінде өңіріміздегі көптеген кездесулерде де бұл мәселе жиі талқыға салынып отыр. Міне, сонда ғана әлемді алаңдатқан дәстүрлі емес деструктивті ағымға және желіде жүрген жалған жамағатқа сауатты түрде қарсы тұра аламыз.
Жуырда Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен Сызған ауыл округі жастар ісі жөніндегі әдіскері М.Маханбетовтың ұйымдастыруымен «Жастар жадына–ғаламтор жау» тақырыбында Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Қ.Қосмаханов Ғ.Мұратбаев, Қ.Рүстемов, А.С.Макаренко атындағы жалпы орта мектептерінде кездесулер өткізді. Кездесуге 264-ке тарта оқушылар қатысты. Қ.Қосмаханов Сызған ауылдық округіне қарасты 3 мектепті аралап, «Жастар жадына–ғаламтор жау» тақырыбында оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, өзара пікір алмасты.
Кездесудің негізгі мақсаты–оқушыларға әлеуметтік желіні дұрыс қолдана білуді түсіндіру және елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін азамат болуын қалыптастыру болатын. Мұндай кездесулер Түлкібас аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен де өтіп, кездесу барысында ғаламтордың теріс жағы мен кереғар ағымдардың жастарды қалай арбайтындығы туралы түсінік берілді.
Ал Арыс қалалық ішкі саясатының ұйымдастыруымен өткен «Жастар жадына–ғаламтор жау» тақырыбындағы кездесулерде ғаламторға қатысты заң бабтары түсіндірілді.
Сонымен қатар бұл тақырыптағы кездесулер Бәйдібек ауданында, Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы №6, №7 жалпы орта мектептері мен №8 колледжде, Сұлтан – Рабат, №16 Ш.Уәлиханов мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары арасында кездесулер өтіп, дінтанушы маман А.Бектұрғанов жастар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу жайлы баяндама оқыды.
Одан бөлек Төлеби ауданындағы №1, №2, №3, №4 және «Дарын» мектептерінің жоғарғы сынып оқушыларымен де жүздескен А.Бектұрғанов «Ғаламтордағы арбау» атты тақырыпта ой өрбітіп, оқушыларды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді.
Дін тұтастығы–қашан да елдің тұтастығы. Діни тұрақсыздық болған жерде бақ-береке болмайтыны да белгілі. Сондықтан жат пиғылды деструктивті діни ағымдарға қарсы ымырасыз күрес өңірімізде өз жалғасын таба бермек.
Ұ.ӨСКЕН
«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.