Ел қауiпсiздiгiн сақтау – экстремизммен күрестi күшейту
Созақ ауданы «Қазпочта» акционерлік қоғамының филиалында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Теріс діни бағыттағы топтардың алдын алу» деп аталған тақырыпта мекеме қызметкерлерімен жалпы кездесу өткізілді. Онда теріс ағымдардың интернет арқылы жастарды өздерінің жағына тартып, санасын улап жатқаны, соған тиімді қарсылық қою жолдары жан-жақты ойластырылған әңгіме арқауына айналды.
Біздің елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қандай да бір жағдайға бірінші кезекте тойтарыс берілуі керектігі кеңінен сөз етілді. Ол сырттан келеді ме, әлде іштен шығады ма – бар жағдай бақылауда болуы тиіс. Соңғы кездері теріс ағымға үгіттейтін, соған тартатын топты осындай қауіпке жатқызу керек. Оның алдын алудың ең тиімді жолы – тұрғындардың санасын көтеріп,қалың көптің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінгі кездесу сол әдістің бір парасы ғана болды.
Кездесу кезінде теріс ағымдардың жетегіне ілесіп кетпеу үшін алған ақпаратты білікті мамандармен ақылдаса пайдалану керектігі айтылды.
Жиналыс соңында мекеме қызметкерлеріне «Дін және дәстүр тағылымы» және «Дін және қазіргі заман» атты кітапшалар таратылып берілді.