Ел тұтастығына терiс ағымдардың керi әсерi көп

Теріс ағым идеяларын таратушылар дәстүрлі діндерді теріс түсіндіріп, бұрмалап, өзінің сол позициясын ақиқат ретінде таратуымен қоғам мүшелерінің бәрін де айтарлықтай алаңдатып отыр. Сондықтан олардан сақтану жолдары өңіріміздегі ЖОО-ларда  да қолға алынған деуге болады. Мұндай ілкімді істер біздің Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да да аз өтпейді.

Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында «Үздіксіз білім беру және қашықтықтан оқыту» орталығының ұйымдастыруымен «Жазасын өтеушілермен теологиялық-психологиялық оңалту жұмыстарының негіздері» тақырыбында өткен біліктілікті арттыру курсына қатысушыларына арналған жиын өтті. Жиынға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД Теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру тобының инспекторлары мен инспектор-психологтары қатысты. Яғни оқу орнымыз бен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арасында жасалған меморандум аясында, 8-12 қазан аралығында аталған комитетке қарасты мекемелердің қызметкерлерін 54 сағаттық біліктілік жетілдіру курсынан өткізу жоспарланған болатын.

Курста университетіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетекшісі Ә.Әбуов дәстүрлі дін, жат ағымдар туралы, біліктілік курсының маңыздылығы жайлы жан-жақты айтып, бұл тақырыпта жүргізген өз зерттеулерімен бөлісті.Сондай-ақ, орталық басшысы Ә.Құрбаниязов, сұхбат-лекцияны жүргізген Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры Д.Кенжетай курс қатысушыларына сертификат табыстады.

Біліктілікті жетілдіру курсының мақсаты ҚАЖ комитеті қызметкерлеріне дін туралы, күрделі де сан салалы дін құбылысының мәні туралы жан-жақты ғылыми негізделген теологиялық-дінтанулық білім беру арқылы олардың теориялық таным-білімінің және практикалық білік-дағдыларының артуын қамтамасыз ету болатын.

Шара соңында ҚР ІІМ ҚАЖ Комитеті Сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының бөлім бастығы Д.Адембаев біліктілік курсынан өтуге мүмкіндік берген университет басшылығына, дәріс берген «Дінтану» кафедрасының оқытушы-профессорларына алғысын айтты.

Одан бөлек Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Зайырлы мемлекет қалыптастыру» атты іс-шара болып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болған бұл шараны әлеуметтік ғылымдар факультетінің құқықтану кафедрасы ұйымдастырды.

Шара негізгінен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастарға насихаттауды, еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттің зайырлылық қағидаларын нығайтуды, жастар арасында дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми қөзқарастар жүйесін қалыптастыруды көздейтін.

Құқықтану кафедрасының оқытушысы Д.Қожамбеков жүргізген конференцияда Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің басшысы Б.Әшірбеков сөз алып, кереғар ағымдардан келетін қауіп пен діннің мемлекетаралық қатынастарда және жастар тәрбиесінде алатын орны жайында сөз қозғады. Одан кейін ҚМДБ өкілі Ж.Қасымбеков және облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»  басшысының орынбасары М.Бесбаев жастарға діни алауыздықтан сақтану жолдарын түсіндірді. Ал, Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Д.Кенжетай жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселесіне тоқталды. Жастар арасында дінді дұрыс түсіндіруге арналған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Д.Жұмағалиқызы,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Ақпарат орталығы қызметкері.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.