Еліміздің Оңтүстігінде өндіріс орындары жаңғыруда

Елбасы «100 нақты қадам Ұлт жоспарының» үшінші тармағын  индустрияландыру және экономикалық өсімге арнап бірнеше қадамында жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін елімізде индустриаландыру жұмыстарын жеделдету керектігін атап өтіп  еді. Осыған орай, қазірдің өзінде еліміздің Оңтүстік өңірінде бірқатар шаруалар атқарылып үлгерді. Шағын цех, фабрикалар күрделі жөндеуден өтіп, ірі зауыттар жаңғыру алдында тұр. Ірі зауыттарды жаңғырту – заман талабы. Себебі, қазіргі нарық заманында тек өнім ғана емес, сол өнімді өндіретін кешендер де бәсекеге қабілеті болу керек. Заман ағымына ілесіп, қажетті құрал-жабдықтармен дер кезінде қамтамасыз етіліп отырғаны абзал. Осы мақсатта биыл бүкіл Қазақстанға өнімін таратып отырған Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталғалы жатыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты – еліміздегі мұнай ең ірі 3 зауыт қатарында екенін баршаға мәлім.  Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жаңғырту жұмыстары Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында жасалып жатыр. Бұл жобаны «Қазақстан Даму банкі» қаржыландыруда. Зауыт аталған банктен 932 млн. доллар қаржыны 13 жылға несиеге алып, құрылыс жұмыстары бітіп, зауыт толықтай өз күшіне мінген соң, несиені мерзімінен бұрын төлей алады. Ал, жалпы құны 1,9 млрд. доллар болатын жоба индустриалдық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қол ұшы созылды.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын аяқтан тік тұрғызу арқылы Оңтүстікті республикадағы бірден-бір сауынды облысқа айналдыруға болады. Биыл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Жансейіт Түймебаевты қабылдағанда Оңтүстік Қазақстан облысын республикадағы алдыңғы қатарлы облыстар қатарына қосу керектігін, оған мүмкіндік зор екендігін, дегенмен күнгейліктер әзірге 80 пайыз қаржыны республикадан алып, дотацияда отырғанын айтып еді. Осыған байланысты өңір басшысына нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Жансейіт Қансейітұлы  Оңтүстік өңірін жандандыру үшін барын салып келе жатыр. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуды жеделдету – осының айқын дәлелі. Зауыт тезірек 100 пайыз іске қосылса жаңа жұмыс орындары да ашылады. Нәтижесінде ауылды жерде екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүрген жандарды қалаға тарту арқылы зауытқа жұмысқа орналастыруға жағдай жасалады. Олар өз кезегінде шаңырақтарына кіріс кіргізеді. Осы арқылы облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын әбден көтеруге болады.

 

Дерексөздер  www.oinet.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.