Ерсiн ағаның есiмi неге елеусiз?
Талантымен күттіріп таңын,
Дүйім елді иіткен.
Жүрек сөзін бітіріп бәрін,
Қарап тұр, әне, Биіктен!
Нұрғиса Төремұратов.
Уақыт деген тым жүйрік. Кеше ғана жайраңдап арамызда жүрген асыл ағамыз, алтын ағамыз Ерсін Қойбағарұлының бұл дүниеде татар дәмі таусылып, мәңгілік мекеніне кетіп қалғанына да 23 қараша күні 4 жыл толады екен. Бар саналы ғұмырын елдің тәнін ғана емес, жанын да емдеуге арнаған нағыз шипагер ағамызды бүгін сағынышпен еске ала отырып, кеудемізді ащы бір өксік тырнайды.
Есімі өзі туып-өсіп, бар өмірін өткізген Сайрам ауданына ғана емес, облыс, тіпті республика жұртшылығына жақсы танымал белгілі дәрігер-психотерапевт, жазушы, ақын, публицист, драматург Ерсін Қойбағарұлы 1946 жылы 23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Құрлық ауылында дүниеге келген. Леңгір қаласындағы №2 орта мектепті күміс медальмен бітірген соң, Алматы медициналық институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, 1969 жылы жоғары біліммен туған еліне оралды. Еңбек жолын Сайрам аудандық орталық ауруханасында бастап, 1970-1983 жылдар аралығында балалар бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек етті. Осы 15 жылда шипалы қолдарымен қаншама сәбиге дауа дарытып, қаншама бүлдіршіннің жанын ажал тырнағынан арашалап қалғаны бір Аллаға аян.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары әлі де жоғары білімді дәрігерлердің аз кезі, сондықтан 5 дәрігердің жұмысын бір өзі атқарып, жылы төсек, ыстық асты, жас жары мен балаларын ұмытып, жұмыста түнеген, ал кейде үйі ауруханаға айналған кездері де аз болмады.
Қазір айтсаң, ешкім нана қоймас, бірақ ақиқаты сол, өлім мен өмір арасында жатқан балаларды аман алып қалу үшін емнің сан түрлі жаңа тәсілдерін ойлап тауып, қазіргі системамен дәрі егуді ауданда алғаш болып іске асырған осы Ерсін Қойбағарұлы болатын. Бұл әдіс сол уақыттарда тек Ерсін Қойбағаров басқаратын бөлімшеде ғана қолданылды. Ол жүзінде тіршілік нышаны жоқ, денесінде екпе салатын сау жері қалмаған, тек жүрегі ғана әлсіз соғып жатқан қаншама жаңа туған нәрестені өмірге қайта әкелді. Тіпті ол кездері аудан көлемінде Ерсін дәрігердің шарапатын көрмеген шаңырақ кемде-кем еді. Осылайша кәсіби біліктілігімен бүкіл аудан жұртшылығының аузында аты аңызға айналған Ерекеңді ел «Ең білгіш дәрігер», «Әулие», «Емші», «Профессор», «Тірі энциклопедия» деп атаса, ал жазушылығына «Қазақтың Чеховы» деп баға берді. Сол жылдары оның құрметіне қаншама сәбиге Ерсін есімі берілді. Сол кездегі ажал аузынан аман қалған нәрестелер – бүгінде 30-50 жас аралығындағы кемел жасқа келген жандар. Егер олар өз өмірі үшін Ерсін дәрігердің алдындағы борышын өтемек болса, онда ер есімінің ескерусіз қалмауына үлестерін қоссын.
Ерсін Қойбағарұлы өзінің мамандығы жайлы былай дейтін: «Майдандағы ұрыс екі түрлі болады: бірі – ашық майдандағы соғыс, бұл соғыста жауды жеңсең, елдің құрметіне бөленесің; екіншісі – жабық соғыс, дәрігерлер сан рет өліммен бетпе-бет келіп, науқастарды өмірге қайта әкеледі, сан рет ерлік жасайды, бірақ оның ерлігі көрінбейді, еленбейді». Бірақ, соған қарамастан, осы ерліктерінің еленбесін біле тұра, ол өзі жанындай сүйген мамандығының биік шыңын бағындырды. Онымен қоймай, қарымды қаламгер ретінде де өзін мойындата алды.
Дәрігерлік жұмысынан қол үзбей, тынымсыз еңбек еткен Ерсін Қойбағарұлы көзі тірісінде 20-ға жуық кітабын жарыққа шығарып кетті. Кәсіби қаламгер болмаса да, өз бетінше ізденіп, өзіндік жазу формасын қалыптастырған Ерекең ешкім жазбаған тың тақырыптарға қалам тартып, қызықты оқиға иірімдерімен оқырманын жетелеп әкетіп, ойыңа ой қосып, ғажайып күй кештіреді.
Оның шығармалары туралы бір оқырманы былай деген еді: «Мен орыс мектебін бітірдім. Еш уақытта қазақша кітап оқыған емеспін. Ағайдың «Қараша» атты кітабы қолыма тигенде, бір деммен қалай оқып шыққаныма өзім таң қалдым. Жазушының жазу шеберлігіне тәнті болдым». Бұл – оның шығармашылығына берілген ең қарапайым, бірақ ең әділ баға.
Осы жолда талмай еңбектеніп, талай жетістікке жеткен Ерсін Қойбағарұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының мүшесі, Ресейдің А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты және Алтын медалінің иегері, әдебиетте халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері болды. 1996 жылы «Сайрам ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері атанды.
Бірақ… «Өткен күнде белгі жоқ» дейді қазақ. Рас сөз. Ерекең көзден кеткен соң, көңілден де кетіпті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін жанына араша сұраған науқастарға қолының шипасын дарытуын тоқтатпаған, еліміз рухани дағдарысқа ұшыраған жылдары да қаламын тастамай, қазақ әдебиетіне өлшеусіз қор қалдырған, қандай биікке жетсе де, бала көңіл, қарапайым мінез-қасиетінен айнымаған, қашанда үлкенге де, кішіге де көмек қолын аямаған асыл ағамыздың есімі бүгін неге ұмыт қалды?
Ұмыт қалды дейтініміз, қазір жер-жерлерде «Қазақстанның 100 есімі», т.б. осыған ұқсас жобалар қолға алынып, оған лайықты адамдарға дауыс беру жүріп жатыр. Бұл тізімге енуге Ерсін Қойбағарұлы лайық емес деп кім айта алады?
Кезінде ауданда тұңғыш рет «Шабыт шашуы» шығармашылық бірлестігін құрып, ауданның атын көпке танытар жас таланттардың қанатын қатайту үшін талмай еңбектенген жан дәл осы кісі емес пе еді? Сонда ауданды дамытуға оның еңбегі сіңбегені ме?
Түлкібас Мархабатымен, Шаян Еркінбегімен, Сарыағаш Ханбибісімен, Ордабасы Нармаханымен рухты болса, Сайрам Ерсінімен неге мақтанбайды?
Екі бірдей ауыр жүкті бірдей көтеріп, дәрігерлік пен жазушылықтың ескегін қатар есіп, екеуінен де биік мұнара соғып, өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқан үлкен әріпті Дәрігер және Жазушы Ерсін ағаның есімін ел-жұрты ескерусіз қалдырмай, әлі талай көше, аурухана, мектеп, мұражай, көрме ашылатынына біз бек сенеміз…
Бір топ оқырмандары.
Сайрам ауданы
«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.