EXPO-2017 көрмесіне 50 күн қалды

Әлем алдында абыройымызды асқақтататын EXPO-2017 көрмесінің ашылуына 50 күн қалды. 10 маусым күні басталатын бұл игі шараға қазірдің өзінде 100-ден астам ел қатысатындығы ресми расталды.

Елдар Бақпаев, тілші:

— Күллі әлем көз тіккен EXPO-2017 көрмесі. Қазақстанның әлеуетін паш етуге бағытталған шараның өтуіне де санаулы уақыт қалды. Бас қаламыз Астанада өтетін EXPO-ның тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Қойнауы қазба байлыққа толы еліміз үшін Болашақ энергиясының маңызы мен мазмұны зор. Энергия бұл адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы табиғи қайнар көз. Дамудың даңғыл жолына түскен әлем елдері бүгінде тың технологияларды қолданып, қуат көздерін оңтайландыруға көшкен. «Болашақ энергиясы» деп айдар таққан еліміздегі бұл жобаның түпкі мақсаты да осы. Ол дегеніміз энергияны тұтыну тиімділігін арттыру, экологиялық таза энергияға қол жеткізу, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу. Демек бірегей бастама жаһандану заманындағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Әлемнің алдыңғы қатарлы 100-ден астам мемлекеттері ғылымдағы өздерінің  соңғы жаңалықтарын Қазақстанда таныстыруға бел буып отыр. Жасыл экономикаға бет бұрған елдердің қатары жыл санап артып келеді. Сол себепті де Елбасы EXPO-2017 ұлттық жобасына қолдау көрсетіп, мынандай зәулім кешеннің бой көтерілуіне пәрмен берді. Президент EXPO-2017 көрмесін өткізу Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжу жолындағы қадамы екендігін қашанда қаперге салады. Астананың инфрақұрылымы мен инновациясына тың серпін беретін жобаның бүгінгі ахуалымен танысу үшін санаулы сәттерден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келелі кеңес өткізеді деп жоспарланған.

Хабар 24

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.