Финляндиядағы бiлiм беру жүйесi

* Финляндияда білім алу — ақысыз. Тіпті ондағы түстік ас, экскурсиялар, мектеп құралдары – бәрі тегін. Егер бала мектептен 2 шақырым алыс тұратын болса, оларды мектеп автобусы тасымалдайды. Оның да шығынын мемлекет төлейді. Жалпы, білім беруге ел бюджетінің 12,2 %-ы бөлінеді.

* Оқу үлгерімі 10 балдық жүйемен бағаланады, бірақ 3-сыныпқа дейін ешқандай баға қойылмайды. 3-7-сыныптар аралығында «қанағаттанарлық», «өте жақсы» деген сияқты ауызша баға қойылады. Өз балдарын тек оқушының өзі ғана біледі. Оған алған бағасы үшін ешкім ұрыспайды, өйткені баға тек баланы өз білімін жетілдіруге ынталандыру үшін ғана қойылады.

* Әр оқушы бір сабақ үстінде өз шама­сына қарай әртүрлі есептерді шығарады. Дене және ақыл-ой қабілеті әртүрлі балалар да бірге оқиды. Егер баланың шамасы жетпей жатса, мұғалім оған жеке сабақ өткізеді. Басқа елден көшіп келген балаларға да қосымша сабақ ұйымдастырылады.

* Оқушы өзіне не керегін өзі таңдайды. Егер оған сабақ қызық болмаса, ол өзін қызықтыратын басқа іспен айналыса алады.

* Финляндия мектептерінде арнайы мектеп киімі жоқ. Сабаққа қалаған киіммен баруға болады.

* Балалар партада отыруға міндетті емес. Олар креслода отырып не еденге жайғасып та сабақ тыңдай алады. Күн жылы болса, сабақ таза ауада, мектеп ауласындағы шөп үстін­де не арнайы бастырмаларда өтеді.

* Үйге тапсырма өте аз беріледі. Мұндағылар балалар үйде демалуы және ата-анасымен бірге болуы тиіс деп есептейді.

* Мектепте емтихан болмайды. Мұғалімдер өз қалауына қарай бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ мектепті бітіргеннен кейінгі стан­дартты тест міндетті болып табылады.

* Мұнда тек өмірде қажет болуы мүмкін нәрселерді ғана үйретеді. Бастысы – үнемі өзгеріп тұратын өмірге тез бейімделе білу. Ештеңені жаттаудың керегі жоқ. Керек кезде керек кітапты ашсаң, бәрі бар.

* Барлық мектеп бірдей жақсы. Сондықтан, ешкім мектеп таңдамайды, бәрі үйіне жақын мектепке барады. Мұнда «элиталы» мектеп жоқ. Білікті мұғалім де, сапалы оқу құралы мен толыққанды түстік ас та барлық мектептен табылады.

* Кейде балалар мұғалімдерімен бірге мектепте қонады. Кино көреді, ойнайды, спортзалдағы жұмсақ матрастарда ұйықтайды, ал таңертең бәрі бірге таңғы ас ішеді. Мұндай мектепті қалай жақсы көрмейсің?

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.